Сыр өңіріндегі өндіріс орындарында робототехниканың үлесі артып келеді. Жұмыс күшін ауыстыратын ақылды құрылғыларды басқарудың тиімділігі қандай? Автоматтандырылған зауыттардың артықшылығы неде? Тақырыпты тілшіміз Асқар Тәжиев зерделеп көрді.
АСҚАР ТӘЖИЕВ – ТІЛШІ
«Айна Гласс» зауытының жұмысы толықтай автоматтандырылған. Қазір мұндағы жұмысты 100 пайыз роботтық технологиялар атқарады. Ішкі нарықты қамтамасыз ететін зауыт өнімі жақын күндері шет елдерге шығарылмақ."
Аймағы атшаптырым алқапты алатын зауыт. Кәсіпорынға кірісімен жүздеген жұмысшының бір мезетте тоқтаусыз еңбек еткен көрінісі көз алдыңа келеді. Бірақ мұнда бәрі басқаша. Зауыт жұмысын толықтай автоматты құрылғылар атқарады. Ал жиырмаға жуық жұмысшы техниканың тілін меңгерген мамандар. Олар жұмыс процесінің жүйелі жүруін қадағалайды. Қазір зауытқа қажетті шикізат ретінде толықтай жергілікті шыны өнімдері пайдаланылып отыр. Жартылай дайын өнімдер роботтардың көмегімен желіге орналастырылып, өңдеудің барлық кезеңдері цифрлық басқару арқылы бақыланады. Өндірісте шыны беті фильтрленген сумен жуылып, 400-600°С температурада кептіріледі, кейін ваккумдық камерада магнетрондық тозаңдату әдісімен екі қабат арнайы бояу жағу арқылы айнаға айналады. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 3300 шаршы метр дайын өнім шығарады.
Өндірістік процестерді толық цифрландырған шыны зауыты да жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Мұнда шыныларды жинақтау үшін 4 өнеркәсіптік робот қолданылады. Жапондық Fanuc компаниясына тиесілі роботтар автоматтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Роботтар ауыр салмақты өнімдерді өңдеу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Зауытқа сұраныстың артуынан өндіріс көлемі де тұрақты өсуде. Соңғы үш жылда 500 мың тоннаға жуық өнім өндірілсе, оның 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы экспортқа бағытталуда. Бүгінде шыны өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ, Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес Польша, Эстония, Латвия және Швейцария нарығына экспортталуда.