35 жыл бұрын облыстық телеарнаның ашылуына бірқатар тұлға үлкен еңбек сіңірді. Келесі сюжетіміз аймақ телеарнасының дамуына, шығармашылық ұжымның қалыптасуына өз үлесін қосқан тележурналист Баян Исламбаева туралы болмақ. Қаламгердің айтуынша, журналистика – тек мамандық емес, адам жанының айнасы.

АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

"1991 жылы 30 сәуірде облыстық телеарнада 30 минуттық алғашқы хабар эфирге шықса, келесі күні мерекелік демонстарциядан тікелей эфирде 45 минуттық репортажды елге ұсынған. Ол кезде қазіргідей техника, суфлер, интернет, тіпті ұялы телефон да болмады. Бірақ соған қарамастан тележурналистер жылдам әрі нақты ақпарат таратуы керек болды. Сол репортажды жүргізген, телеарнаның ашылуына үлес қосқан журналистің бірі Баян Исламбаева бүгін бізге арнайы келді. Телеарнаның тарихы, алғашқы эфир жайлы толығырақ айтып берді."

Баян Исламбаева жас шағында ақпарат саласының маманы емес, ақхалатты дәрігер боламын деп ойлаған. Дегенмен оқушы кезден мақала жазуға бейім бойжеткен журналистика саласында білім алып, 1983 жылдан бастап радиоға жұмысқа тұрды. Ал 1991 жылы тәжірибелі тілші аймақтық телеарнаның ашылуына үлес қосып, 2001 жылға дейін еңбек етті. Айта кетейік, телеарнадағы алғашқы тікелей эфирді Сыр елі телерадиожурналистикасының қазығын қағып, іргесін қалаған бірегей тұлға, төларнаның алғашқы төрағасы Жақсылық Бекхожаевпен қатар ол кезде жас журналистер Айткүл Шалғынбаева мен Баян Исламбаева жүргізген болатын.

БАЯН ИСЛАМБАЕВА – ТЕЛЕВИЗИЯ АРДАГЕРІ

"Өйткені аудиторияның алдына шығып, соншама хабар дайындап, облыстың тыныс-тіршілігін көрсетіп дегендей бәріміз соған атсалыстық.Оның ішінде Жақсылық Бекхожаев деген ағамыз бар. Сол кезде облыстық телерадио комитеттің төрағасы болды Жақсылық Аскарович Бекхожаев. Сосын Айткүл Шалғынбаева қазақ тіліндегі журналист, мен орыс тіліндегі журналист Баян Исламбаева, режиссеріміз Хұсейн Темір болды, техникалық бөлім Юрий Ефанов деген инженеріміз болды. Бақытжан Шөкенов – өте білікті маман. Марат Шалабаев деген басқа да балдар болды. Соның арқасында бірінші эфир өтті"

Баян Исламбаева телеарнада «Сейхун» ақпараттық сараптамалық бағдарламасының бас редакторы қызметін атқарды. Аудан ауылдарға іс-сапармен барып, орыс тілінде жаңалықтар әзірледі. Телевизия ардагері қызмет барысында Арал мәселесін де көтерген болатын. 5 мемлекеттің президенті қатысқан халықаралық конференцияны ақпараттандырып, Арал өңірінен 45 минуттық хабар дайындады.

БАЯН ИСЛАМБАЕВА – ТЕЛЕВИЗИЯ АРДАГЕРІ

"Менің өмірімдегі ең бір есте қалатын, ең көп әсер еткен уақыт болды. Ол кез жастау кезіміз. Жүрегіміз лүпілдеп. Айтады ғой «Журналистика это не профессия, журналистика состояние души» дейді ғой. Шынымен де сондай болдық. Үйде тамақ істеп жатсаң соны ойлайсың, хабарды қалай қылсам екен, қандай сұрақ қойсам екен, декорациясы қалай болады екен деп соған дейін ойлайтынбыз."

Осыдан 35 жыл бұрын 1-2 минуттық сюжет кем дегенде 1,5 сағат монтаждалған. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан заманда бұл уақыта әлдеқайда қысқарған. Ал мамандығына адал тележурналистер қай кезеңде де шынайы, жан-жақты сараланған сюжеттер жасауға асығады. Шығармашылығынан шабыт алды. Соның нәтижесінде төл арна 35 жылдан бері елмен бірге!