Өнер орталығында Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаеваның «50 жыл сахнада» атты мерейтойлық концерті өтті. Ерекше даусымен әлемді тамсандырған өнер иесіне деген қызылордалықтардың да құрметі ерекше болды.

Зал толы көрермен. Сахнада аты аңызға айналған әнші. Жарты ғасыр бойы сахнада жүрген Роза Қуанышқызы бұл жолы да тыңдарманын жарқын даусымен бірден баурап алды. Мерейтойлық концертте облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысының құттықтау хатын оқып, Роза Қуанышқызы Қазақстанның халық әртісі ретінде қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Көптеген халықаралық конкурстың гран-при иегері Роза Рымбаева 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды. Оның жарты ғасырлық шығармашылық жолы – табандылық пен таланттың, еңбек пен өмірге, өнерге деген махаббатың жемісі. Кеш барысында әнші өзінің шығармашылық жолындағы ең танымал әндерін орындады.

Концертте «Илигай» тобы өнер көрсетіп, Әли мен Мәди Оқаповтар анасымен қосыла ән шырқады. Өнер иесі сахнада 50 жыл бойы өз көрерменімен бірге. Роза Қуанышқызының бойжеткен шағы, жас кезінен-ақ өнеріне куә болған көрермен әншінің әрбір әнін ерекше ықыласпен тыңдады. Тіпті шабыттанып қосыла шырқап, бірде нәзік әуенді елтіп тыңдап, ыстық ықыласын аямай, қошемет көрсетті. Кеш соңында дарын иесіне аймақ басшысының ықылас гүлі табыс етілді.