Бүгін Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Өзеннің төменгі ағысында отырған біздің аймақ үшін су мәселесі өмірбақи өзекті. Биылғы егіске су жете ме? Су құмға сіңбес үшін каналдар бетондалу керек, алайда қаржының жоқтығынан бұл мәселе жылдар бойы жабулы қазан күйінде қалып келеді. Айтылған мәселелердің шешімі бар ма? Тілші тарқатсын
Айнұр Тұңғышбаева - тілші
"Биыл қызылордалық диқандар 185 мың га жерге егіп екпек. Ал, біздің облысқа бөлініп отырған су лимиті 3 млрд 180 млн текше метр. Мамандар бұл суды аз деп отыр. Сонда қайтпек керек? Дәл осы мәселе бүгін арнайы кеңесте талқыға түсті. "
Сушылар да, су десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар да осы жиынның төрінен табылды. Мәселе өзекті, бүкіл атырапты асырап отырған Сыр-Ананың сарқылмауы халықтың ортақ тілегі. Биылғы егіске су лимиті 3 млрд 180 млн текше метр делініпті, шынтуайтында ол 3,5 млрд текше метр болуы керек дейді мамандар. Қысқасы, жетпейд. Биыл 185 мың га астам жерге егіс егіледі. Сондықтан вегетациялық кезең үшін трансшекаралық лимитті қайта қарау маңызды. 10 сәуірде Өзбекстанның Бұқара қаласында үлкен жиын өтеді. Бәлкім, сол басқосуда біздің билік тиімді келісімге келе жатар деген үміт бар.
Сырбойылық аграрийлер мен сушылар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Инвестжоба аясында біршама каналдар тазартылды. Су үнемдеу технологиялары қолданысқа енуде. Алайда келген су құмға сіңіп кетпеуі үшін магистральдық каналдарды бетондау маңызды, бірақ, ол жұмыстар қаржы тапшылығына байланысты ұдайы кейінге ысырылып келеді.
Бұл жиында біраз адамды ырза еткен бір ақпарат, аймақта ыза судың көлемі кеміп отыр екен.
Жыл басында Тәшкенде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының отырысы өтіп, онда үшжақты хаттамаға қол қойылғаны мәлім. Хаттама мазмұны бізге беймәлім. Белгілісі, көрші өзбек елі күріш көлемін қысқартып отырған жоқ. Жуық арада қырғыз елі Тоқтағұлдан су жібереді, біз оларға тоқ береміз. Дұрыс-ақ. Нарық есебі. Дейтұрғанмен, дәл осы арада шекарада су өлшейтін заманауи құрал бар ма? Нақты қанша алып отырмыз деген сұрақ көпшіліктің көкейінде қалып отыр.