Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясында (ЕКПА) «Қазақстандағы конституциялық референдум: реформалардың жаңа кезеңі» атты жазбаша декларация қабылданды. Құжатта 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында бастамашылық етілген саяси өзгерістерге қолдау білдірілген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Құжаттың авторы — ЕКПА депутаты Мехмет Акалын (Түркия, «Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы» тобы). Әртүрлі саяси топтар мен Еуропа мемлекеттерінің ұлттық делегацияларын ұсынатын 22 парламентші қол қойған декларацияда референдум Қазақстанның институционалдық трансформациясы мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі ретінде сипатталған.

ЕКПА депутаттары конституциялық реформалардың мақсаттарын құптады. Олардың қатарында басқарудың неғұрлым теңгерімді моделіне көшу, есеп берушілік тетіктерін нығайту, конституциялық сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту бар.

Декларацияда сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері аясындағы сындарлы диалог атап өтілген. Бұл диалог конституциялық даму, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау салаларында тәжірибе алмасуға бағытталған.

Сонымен қатар, парламентшілер Қазақстанды Еуразия өңіріндегі сенімді серіктес ретінде мойындай отырып, елдің демократиялық басқару мен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған алдағы күш-жігерін қолдауға дайын екенін білдірді.

Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Президентінің бірқатар конституциялық заңдарға қол қоюына қатысты пікір білдіріп, бұл қадам Қазақстандағы конституциялық реформаның екінші кезеңін аяқтайтынын атап өткен еді.

Дереккөз: Kazinform