#qyzylordatv
Шиелі ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында облыстық турнир өтті. Аймақ журналистері аудан әкімінің кубогын сарапқа салды.
Дәстүрлі ала доп бәсекесіне «Сыр медиа» ұжымы, «Қызылорда» телеарнасы, өңір жаңалығын республикаға жариялап жүрген меншікті тілшілер мен Шиелі, Жаңақорған аудандарының әкімдіктерінен барлығы 6 команда қатысты.
Бір сәт қағазы мен қаламын тастап, доп тепкен журналистер қауымы алаңда әдемі ойын өрнегін көрсетті. Қай кездесу болмасын, талас-тартысқа толы өтіп, командалар жеңіске деген айрықша жігерін аңғартты. Жартылай финалға төрт команда жолдама алды.
Нағыз қызық плей-офф кезеңінде басталды. Алғашқы ойын «Сыр медиа» және «Шиелі» командаларының арасында өтті. Бұл текетіресте Сыр медиалықтар алаң иелерін 4-2 есебімен жеңді. Ал екінші жұпта «Қызылорда» телеарнасы «Меншікті тілшілермен» өзара мықтыны анықтады. Финалға бергісіз ойында 5-4 есебімен меншікті тілшілер жеңісті жұлып әкетті.
Қола жүлде үшін болған таласта «Қызылорда» телеарнасының жігіттері Шиелі ауданының командасын 6-4 есебімен ойсырата жеңіп, қола жүлдеге ие болды.
Ал, финалдық бәсекеде «Меншікті тілшілер» мен «Сыр медиа» бас жүлдені сарапқа салды. Жанкүйерлердің делебесін қоздырған ойын алма кезек шабуылдармен өрбіді. Соңғы сәтке дейін екі команда да тең ойын көрсетті. Тек матч аяқталуға жақындаған тұста «Сыр Медиа» ұжымы қарсыластың қақпасына жауапсыз екі гол соғып, басымдыққа ие болды. Қорытынды есеп 6-4, «Сыр медиа» Шиелі ауданы әкімі кубогын ұтып алды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімі тағайындаған қаржылай сыйақы мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, турнирде үздік ойын көрсеткен жекелеген аяқдопшылар да марапат төрінен көрінді.