#qyzylordatv

Әне-міне дегенше, бұл жылдың алты айы да аяқталуда. Облыстың әл-ауқатын таразыға салып, сала жетекшілерінен есеп сұралатын кезең келді. Одан бөлек, алда тұрған мың сан міндет және бар. Әкімдікте әлеуметтік-экономикалық даму мен инвестициялық жобаларды пысықтаған жиын өтті. Жәй өткен жоқ, біраз жауапты сала өкілдеріне ескерту де жасалды дейді жиынға қатысқан әріптесім.

 Шыны керек, сан жылдар бойы облыстың экономикалық тірегі мұнай мен уран болып келді. Сарқылатын ресурс болғандықтан қара алтынның қоры кейінгі жылдары күрт кеміп кетті. Бүгінде мұнай-газ секторы облыс экономикасының 25 пайызын ғана құрайды. Біздің өңір мұнай өндірісінің еліміз бойынша 15 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Әрине, геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, одан бөлек, Қарағансай кенішінде тақтатас мұнайын өндіру бойынша да келісімдер жасалуда. Соңғы жылдары облыс экономикасы қарқынды түрде әртараптандыруға аяқ басты. Инвестиция тартылды. Асыраушы секторға түу Швейцариядан инвестор келді. Міне, осы ретте сол қарқынды күшейтіп, менеджерлік қабілеттерін көрсетеді деген қала, аудан әкімдері жаңа жоба ұсынған жоқ, салық түсіруде де бет алыстары мәз емес, себебін сұрай қалса, сан түрлі сылтау айтады, бұл әдеттен түпкілікті арылып, нәтижеге жұмыс жасау қажет, - деді облыс әкімі

 Облыста көлеңкелі экономика үлесі өз алдына бөлек әңгіме. Бұл көрсеткіш облыстың жалпы өңірлік өнімінде бақыланбайтын операциялардың жоғары екенін көрсетеді. Әкімдер де бұл бағытта тегеурінді күрес жүргізу керек, - деді облыс басшысы

 Дәл осы инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, көлеңкелі экономикадан қаржы айналымын шығару бағытында облыс әкімінің жаңа орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы өзінің кәсібилігін көрсететін сәт туып тұр. Аймақ экономикасы соңғы уақытта асыраушы салаға басымдық беріп отыр. Бұл саланың өзегі - су. Су тапшы, Үкімет үнемде деп тапсырма берді. Дұрыс. Облыстағы каналдардың табаны бетондалмағандықтан бізге келген судың қыруар бөлігі құмға сіңіп жоғалып отыр. Бұл туралы сенатор Р.Рүстемов те Парламент мінберінен мәселе көтерген болатын

 Еститін Үкімет естіп, дереу шешім қабылдады. Су үнемдеу және ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында каналдарды бетондау жұмыстары Дүниежүзілік банктің қаржылық қолдауымен жүргізілмек. Біздің аймақта 60 су шаруашылығы объектісі бетондалмақ. Енді соны тездетіп реттейді деген аудан, қала әкімдері әлі бейқам

 Облыс әкімі аталған мәселелер тамыз айына дейін толығымен реттеліп, әрбір су объектісінің құжаты сараптамадан өтіп болуы тиіс деген тапсырма берді. Бұдан бөлек, облыс көлемінде пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың да қабылдау актілері жасақталып, кей нысандарды жергілікті әкімдіктердің теңгеріміне беру жұмыстары толығымен пысықталып, нүктесі қойылу керектігі тапсырылды.