Негізгі Жаңалықтар Егінге алғашқы орақ түсті

Егінге алғашқы орақ түсті

#qyzylordatv 

Аймақта егін жинау науқаны басталып, күрішке орақ түсті. Биыл дихан қауымның қырманы астыққа толатын түрі бар. Себебі, егіске қажетті су жылдағыға қарағанда молырақ болды. Минералды тыңайтқыш пен жанар-жағармай қоры да уақытылы жеткізілген. Енді осы несібені жауын-шашынға ұрындырмай дер кезінде жинап алу міндеті тұр. Егін жайын әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.


ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ  

Биыл Сыр өңірінде күріш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектар аз егілді. Дегенмен, ықшамды жерден берекелі өнім алу мақсат еді. Бұл міндет мүлтіксіз орындалғандай. Сыр салысы сары алтындай көз тартып тұр. Түсінгенге, алқаптағы әрбір дән шаруалардың маңдай терімен суарылған


 Иә, сәл үстемелей айтқанымызбен, бұл пафоссыз пайым. Расымен Сыр салысы екбеккерлердің маңдай терімен өнді. Бұрынғыдай бұрқырап ағып жатқан су жоқ қазір. Есеппен егіп, ебіңмен өндіресің. Күрішке жабысқыш аурудың да түрі көбейді. Міне, соның бәрінен айналып өтіп, диқандарымыз қырманды қызылға толтыруға бейіл. 


 Биыл аймақ диқандары 193 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын ексе, соның 70 мың гектары негізгі дақыл күріштің үлесінде. Сыр салысының шығымдылығы тәп-тәуір. Нақтырай айтсақ, егілген күріштің 65 пайызы өте жақсы жағдайда, дейді мамандар. Мол өнім ішкі нарықтың сұранысын өтей отырып, 9 мемлекетке экспортталмақ. 


 ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ  

Биыл суды үнемді пайдалану мақсатында Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, жалпы күріш көлемін 10 мың 900 гектарға қысқарттық. Дегенмен де басқа дақылдардың көлемін көтеру арқылы жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артты. Жалпы орақты біз 4 қыркүйекте бастасақ, 10 қазанға дейін толық аяқтаймыз деген межеміз бар. Айта кету керек биыл егін шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан бөлінген қаржы ұлғайып, 17 млрд теңгеге жетті/


 Күзгі орым науқанына орай Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіс алқабында тәжірибелік жиын өтті. Дала төсінде күріш институтының мамандары аймақ шаруаларына жаңа сорттарды таныстырып, саладағы тың технологияларды көрсетті. Соның ішінде су үнемдеуге арналған есептегіш құрылғылар мен агродрондардың орны бөлек. Биыл аймақ диқандары осы технологияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде күрішті қуаңшылыққа ұрындырмай мол өнімге қол жеткізбек.


 Соңғы жылдары Ресейден әкелінген күріш сорттары ауруға шалдығып, шаруаларды шығынға батыруда. Сондықтан «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары отандық тұқым түрлерін жаңғыртуды қолға алып отыр. Биыл тәжірибелік алаңда егілген «Сыр сұлуы» және «Дарын» сорттарын күтіп-баптау тиімді екенін байқатты. Енді келер жылдан бастап жергілікті шаруалар осы тұқым түрлерін де егіп көрмек.


 НҰРЛАН ІЗДІБАЕВ – ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ  

Егіс алқабына орақ түсіп осы 2026 жылдың егінін төкпей-шашпай жинап аламыз деген межеміз бар. Және одан жоғары көрсеткіштерге жетіп жақсы өнім жинаймыз деген жоспарымыз да бар


 Диқан қауым үшін күз - береке нышаны. Мұны сала мамандары креативті түрде жеткізуге тырысыпты. Өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің гүл дестесі алыстан менмұндалайды. Ал, қаз-қатар тізілген техникалар мен жаңа орылған жоңышқа бумасы нағыз ауыл көркін көз алдыңа тосады. Жиында агросаладағы тың технологиялар таныстырылып, қазыналы қариялар қырманның қызылға толуын тілесті. 

Бөлісу