Негізгі Жаңалықтар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы таныстырылды

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы таныстырылды

#qyzylordatv 

Облыс орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл жинақта президенттің елдің дамуына қатысты әр кезеңде айтқан таңдаулы ой-толғамдары топтастырылған. Жаңа еңбекке аймақ зиялыларының пікірі қандай? Әріптесім Елжас Әбділда тарқатсын.


 «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы оңаша отырып жаза салған еңбек емес. Мұнда мемлекет басшысының саясат аренасында жүріп, 30 жылдан бері түйген орамды ойлары жинақталған. Кітап 21 тақырыптық бөлімнен тұрады. Бұл еңбекте заң үстемдігінен бастап, экологиялық мәдениетті орнықтыру, ұлттық ынтымақтастық пен әділетті қоғам құрудың қағидаларына дейін қамтылған. 


 СЕРІКХАН ЖҮЗЕЕВ – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ

Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы бұл саяси-философиялық еңбек деуімізге болады. Жалпы бұл жердегі ерекшелік афоризмдік бағытта жазылған еңбек. Көптеген афоризмдерде оның шығу уақыты, мерзімі, айтылған жері көрсетілмейді. Ал бұл жерде нақты соңғы 30 жылдағы әрбір айтылған сөз, қандай жағдайда айтылды соның барлығы көрсетілген. Яғни, бүкіл жастарға да, саяси қызметкерлерге де жалпы, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін тәлім алатындай өзіндік ерекшелік тұжырымы бар деуге болады


 Қазіргідей ақпараттық кеңістікте сөз мәдениетіне бейқам қарамау маңызды. Жалған айтқан жарты ауыз сөз жарты сағат өтпей желіде желдей еседі. Түптеп келгенде бұл қоғамды бүлдіруге әкелуі мүмкін. Президент еңбегінде осыған айрықша тоқталған. Расымен коммуникация дәуірінде әр сөздің жауапкершілігі заң мен тәртіпке негізделгені құп, дейді жиналғандар. 


 АҚЗАДА МАДАЛИЕВА – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ  

Жинақтағы басты әрі баяндаманың өзегіне арналған бағыт ол «Заң мен тәртіп» қағидаты. Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан ойлары бір арнаға тоғыстырылған. Заң үстемдігі тек қана құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ғана емес, әр азаматтың міндеті екені айқын айтылған


Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өрбіді. Қатысушылар кітапта қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелер қамтылғанын айтып, афоризмдік еңбекті оң бағалады.  

Бөлісу