Негізгі Жаңалықтар Президент «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді

Президент «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді

#qyzylordatv 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне сұхбат берді. Бұл баспасөз Қытай Халық Республикасының ресми мемлекеттік ақпарат агенттігі және сол елдегі ең ірі әрі беделді бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Президент сұхбат барысында Қазақстан мен Қытайды тату көршілік тарихы байланыстырып отыр,-деп атап өтіп, ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихқа тоқталған.


 «Жолы бірдің – жүгі бір». Қазақтың осы қағидалы сөзі арқылы президент көршінің қадірін дөп жеткізсе керек. Алтайдың асқақ жоталары мен Жоңғар қақпасы арқылы жалғасқан көршілердің ынтымағы ықылымнан, ғасырлардан тамыр тартып, жаңа заманның үдерісінде де үйлесім тауып жатыр. Президент қазіргі стратегиялық серіктестіктің сан бағытына тоқталған.


 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

«Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. «Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз»


 Сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету – тараптардың ортақ мүддесі.


ЕРСҰЛТАН ЖАНСЕЙІТОВ - САЯСАТТАНУШЫ

 "Солтүстіктен өтетін Ресейден өтетін Солтүстік дәліз ол жақтан 100 млндай тонна жыл сайын өтеді. Бірақ, транскаспий маршрутында одан әрине аз, бірақ, бізде геополитикалық рисктар жоқ. Қытай үшін, Батыс үшін маңызды ресурстар, сирек кездесетін металлдар сол дәлізден бағытын тауып, сол нишаны ұстаса болады"


Президент шілде айында Шанхайға сапарлап барған еді. Сол кезде Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды келіссөздер өткізді. Бүгінде дүниежүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Біз де бұл бағытта қалыс қалып жатқан жоқпыз. Тұтас министрлікті құрып, жасанды интеллекті жылын жариялап, цифрлы саланың сиқырлы игілігін көрмекке күш салып жатырмыз. Сұхбатта осы бағыттағы серіктестіктің жолы да қамтылған. Бұдан бөлек, екіжақты сауда-саттық жаңа рекордтық көрсеткішке жеткені айтылған. Екі ел арасындағы ынтымаққа ырық берген байланыстың беріктігін Шанхайдағы сарапшылар да бағалап отыр.


 ПАН ДАВАЙ - ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ДИРЕКТОРЫ, ПРОФЕССОР

«Қытай мен Қазақстан үшін инвестициялық байланыс тиімді, яғни өзара ұтымды ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. 2013 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынды. Бұл бастама екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Қазақстанға инвестиция салатын қытайлық компаниялардың саны артты, ал Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хабқа айналды»


Қазақстан мен Қытайды шекара ғана емес, бірнеше халықаралық ұйым да байланыстырады. «Ауласы бірдің - ауасы бір» дегендей, көптеген бағыт бойынша мүддеміз де ортақ. Экономикадан бөлек, мәдениет және білім саласындағы ынтымақ жөнінде сұхбатта жазылған. Көршілер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына келер жылы – 35 жыл толады. Ресми осылай демесеңіз, татулық пен достықтың ізін өткен ғасырлардан көруге болады.


Бөлісу