Негізгі Жаңалықтар Ұлттық қордың ақшасы қайтарымы бар жобаларға салынады

Ұлттық қордың ақшасы қайтарымы бар жобаларға салынады

#qyzylordatv 

Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт алып, ауыл-аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттырмақ. Болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етуі керек қордың қаржысы тағы қайда жұмсалады?


  Бүгінде Ұлттық қордың қаржылық жағдайы тұрақты. Активтер шамамен 37 трлн теңге, ал валюталық бөлігі 65 млрд доллар. Сарапшылар қазіргі оң динамика сақталса, валюталық активтер 3-4 жылда 70 млрд долларға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Осыған байланысты алдағы жылдарға Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемі де қайта қаралып, келер үш жылда 5 трлн теңге қаражат алынбақ. Бірақ бұл ақша бюджет шығындарын жабуға емес, елге нақты пайда әкелетін жобаларға жұмсалмақ. 


  АСАН АХМЕТЖАН – ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

 Салалар мен өңірлер бөлінісінде қаржыландырылатын жобаларды қатаң іріктеуге басымдық беріледі. Яғни, бағытталатын қаржы ел ішінде экономикалық айналымды жаңғыртып, аймақтарда салық түсімдерін көбейтуге сеп болуға тиіс. Әрине, ол үшін қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалатыны бақылануы керек. Бұл ретте цифрлық теңгенің де тетіктері қолданылады.


 Қарапайым тілмен айтсақ, қаржы салынған жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнестің дамуына ықпал етуі керек һәм өңірдегі салық түсімдерін көбейтуі тиіс. Мемлекет басшысы да қор ресурстарын тек ұзақмерзімді, қайтарымы бар стратегиялық жобаларға ғана жұмсау керектігін қадап айтқан еді. Одан бөлек, халық та қордың игілігін көруі қажет.


 САПАРБАЙ ЖОБАЕВ – ЭКОНОМИСТ

 Осы күнге дейін салған мектептерімізді де, ауруханаларды да, жаңағы үлкен нысандарды да біз осы Ұлттық қордан. Кейін біз соңғы бір 2015-тен 10 жылда дейік, 2015 жылы теңгені ауыстырдық қой, айналымға жібердік, содан бері халықтың әлеуметтік бағдарламалардағы, яғни оқытушылар, дәрігерлер, мемлекеттік басқару, әскерлер, қауіпсіздікпен шұғылданатын, тәртіп сақтайтындар, кейін жаңағы әлеуметтік жәрдемге мұқтаждар, аурулар дейміз, жұмыссыз, зейнеткерлерге жалақыларын төлейтін төлемдерді әр жылы 10 пайызға көтеріп жатырмыз. Осы негізінен Ұлттық қордың ақшасынан көтеріп жатырмыз десек болады.


 Қазақстан – Ұлттық қорды ұзақ жылдар бойы жинақтап келе жатқан санаулы елдің бірі. Халықаралық тәжірибе қор қаражатының бір бөлігін елдің ішкі дамуына бағыттау қалыпты жағдай екенін көрсетеді. Мәселен, Норвегия қор қаражатының бір бөлігін бюджет шығындарына бағыттаса, Сингапур оның инвестициялық кірісін білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылымға жұмсайды. Ал Сауд Арабиясы егеменді қорды «Vision 2030» стратегиясы аясындағы ұлттық жобаларды қаржыландыруға пайдаланады.

Бөлісу