168 отбасы баспаналы болды
#qyzylordatv
Бүгін облыс орталығында 7 қабатты екі тұрғын үй кешені халық игілігіне берілді. Әлеуметтік жағынан осал топтағы 168 отбасы Сырдарияның сол жағалауынан баспаналы болды. Қоныс иелерін аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілтін табыстады.
Заман талабына сай салынған көпқабатты тұрғын үйлерде тұрғындарға жайлы жағдай жасалған. Бөлмелердің іші кең, әрі жарық. Жоғары қабатқа көтерілу үшін лифт қарастырылған. Ал, аулада түрлі ойын алаңдары, автотұрақ, тынығу орындары бар. Аймақ басшысы мен ел ағалары көптің қуанышына ортақтасып, пәтер кілттерін табыстады.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Мемлекет басшысының қолдауымен бүгін баспаналы болып жатқан рбір отбасы үшін ерекеш айтулы күн. Меншікті үй бұл тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа шаңырақтарыңыздың босағасы берік, іші береке мен мерекеге толсын. Әрбір отаудан бүлдіршіннің күлкісі естіліп, татулық салтанат құра берсін.
Баспана бақытына ие болған жанның бірі – Индира Жақыпова. Көпбалалы ана бұған дейін пәтер жалдап, біршама қиындық көрген. Енді міне Сырдың сол жағалауынан 3 пәтерлі үйдің кілтін алып, жаңа қонысқа көшкеніне дән риза.
ИНДИРА ЖАҚЫПОВА – КҮМІС АЛҚА ИЕГЕРІ
2018 ден бері көпбалалы ана ретінде кезекте тұрмыз. 8 жарым жыл дегенде алып жатырқ. Өте керемет сезімдеміз. Осыған дейін квартирада жүрдік. Пәтердің іші өте керемет.
Гүлжаухар Қожамбаева – жалғыз басты ана. Мүгедектігі бар баланы асырап отырған ол осыдан 13 жыл бұрын баспана кезегіне тұрған. Қала күні қарсаңында 3 бөлмелі пәтердің иесі атанып, қоныс тойына кірісті. Шаңырағы шаттыққа толған тұрғынның үйіне аймақ басшысы арнайы құттықтап барып, қуанышына ортақтасты.
ГҮЛЖАУХАР ҚОЖАМБАЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
13 жылдан бері алатыныма сенімді болдым. Сол сабыр сақтағандығымыздан, өзіміздің туыстарымыздың үй болғандықтан, солардың үйінде тұрып, 13 жылдан бері әйтеуір қолымызды жеткіздік. Қуанып жатырмыз.
Соңғы жылдары қалада тұрғындарды баспанамен қамту көрсеткіші ұлғайды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ерекше көңіл бөлініп отыр.
АРНҰР НҰРМАҒАНБЕТОВ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Биылғы жылғы 2393 пәтерлі 41 үйді қабылдау жоспарланған. Оның ішінде 1448 пәтерлі арендалық 26 үйді қабылдау жоспарланған болатын. Одан бөлек кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 945 пәтерлі 15 үйді қабылдауға жоспарлап отырмыз. Бұған дейін 90 пәтерлі екі көпқабатты үйді кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына табыстадық. Бүгін міне 168 пәтерлі 2 тұрғын үйді қабылдағалы тұрмыз.
Жалпы, соңғы төрт жылда аймақта 7 мың 625 пәтер табысталып, 30 мыңнан астам адам баспаналы болды. Биыл жыл соңына дейін облыс көлемінде тағы 1 950 пәтер табысталатын болады.