Негізгі Жаңалықтар Орманшылар күні аталып өтті

Орманшылар күні аталып өтті

#qyzylordatv 

Елімізде қазан айының үшінші жексенбісі «Орманшылар күні» болып бекітілген. Осыған орай Қазалы ауданында «Орман – ел байлығы, орманшы – оның айбыны» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында табиғатты қорғау, туған жерді түлету жолында еселі еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. 


 Қазалы ауданындағы орман қорының жалпы көлемі 1 миллион 785 мың 542 гектарды құрайды. Бұл аумақты қорғау, орман қорын молықтыру, күтіп-баптау жұмыстарымен Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме мен Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы айналысады. Бірлескен тірліктің нәтижесінде биыл Қарақұм орманшылығына қарасты 702 гектар жерге 1 миллионнан астам қара сексеуіл көшеті егілді. Бұл жұмыстар шөлді аумақтың табиғи ортасын жақсартуға, құм көшкінінің алдын алуға және орман қорын көбейтуге бағытталған.


 Қазалылық орманшылар құрғаған теңіз ұлтанына шөлге төзімді өсімдіктер егіп, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосып келеді. Сексеуіл көшеті алдымен тұқымбақта өсіріледі содан кейін көктем және күз айларында теңіз табанына апарып егіледі. 


 Соңғы жылдары Қазалы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. Айтап айтсақ, мекемеге вахталық автобус, борттық автокөлік және 15 мотоцикл берілді. Сонымен қатар, өрт сөндіру техникасы табысталды. Ал, орманшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. 


 Марапат мінберінен көрінгендердің бірі - Айгүл Мұратқызы. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар орманшыға қоршаған ортаны қорғауға, орман алқаптарын сақтап, молықтыруға және жануарлар дүниесін қорғауға қосқан қызметі үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызмет үшін» төсбелгісі табысталды.  


Салтанатты шараға қоғам қайраткері Самұрат Имандосов пен сала ардагерлері қатысып, орманшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Ал, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сала қызметкерлерінің тынымсыз еңбегін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, табиғат қорғаушылардың мерейін үстем етті. 

Бөлісу