Президент: Стратегиялық мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру
#qyzylordatv
Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беріледі. Бұл шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Стратегиялық серіктестер форумында жариялады. Ал, Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің өңірлік зерттеу орталығы ашылмақ. Жалпы 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздейді.
Жаһан жасанды интеллект заманына нық қадам басқан уақытта ғылым мен білімнің бәсі бұрынғыдан да еселене түспек. Сол себепті Қазақстан жоғары оқу орындарын стратегиялық серіктестер деп есептейді. Бүгін Астанадағы халықаралық форумға жалпы саны 400-ден астам маман, олардың ішінде әлемнің жетекші университеттерінің ректорлары, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Президент сөз басын еліміздегі ауқымды реформалардан бастады. Жеті жылда ел экономикасы екі есе өсіп, биыл жалпы ішкі өнім 400 млрд долларға жақындамақ. Сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты.
Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Қазір еліміздегі 132 жоғары оқу орнында 800 мыңнан астам студент білім алады. Жеті жылда гранттарға бөлінген қаржы екі еселеніп, 3,4 миллиард долларға жетті. 281 жатақхана салынды. Ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион долларға жетті. Шетелден білім іздеп келетін жастар да көбейіп жатыр.
Президент «Заң мен Тәртіп» қағидаты ел саясатының өзегі екенін еске салды. Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды деп қадап айтты.