«Халыққа жақын» жобасы: Үш жүзден астам тұрғынның талап-тілегі тыңдалды
#qyzylordatv
Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов «Халыққа жақын» жобасы аясында аралдықтармен кездесті. Мұндағы мақсат – тұрғындармен тұрақты әрі тікелей диалог орната отырып, жұртшылықты толғандырған мәселелердің түйінін тарқату. Халық Кеңесі мүшелерімен бірге
салалық министрлік өкілдері де жеке қабылдау өткізіп, 300-ден астам азаматтың өтініш-тілегіне құлақ түрді.
Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов алдымен еңбек ардагерлері, жастар ұйымы өкілдерімен кездесіп, «Халыққа жақын» жобасы туралы айтты. Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру және өңірлерді дамыту перспективаларына тоқталды. Жиында Кіші Арал теңізін сақтап қалу, балық қорын молайту және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы туралы сөз болды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ "Сұраныстың бар екенін біз көріп отырмыз. Біз Астанаға не Қызылордаға барып, адамдарды жол жүргізіп қиналтпай, мемлекеттік органдар бүгін сіздерге өздері келіп отыр. Халық деген өте көп келіп жатыр. Сұрақтар да көп қой міне. Сол мәселелерді шешіп астау үшін, сіздерге көмек көрсету үшін біз келіп отырмыз. Бұл мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген қағидаты мен ойлаймын, бүгін біздің ісімізге сай келіп тұр деп."
Ерлан Жақанұлы мұнан соң облыс әкімімен бірге жеке қабылдау өткізді. Кеңес төрағасы қабылдауға алдын ала жазылған 11 азаматтың өтініш, тілегін тыңдап, көтерілген мәселелер заң аясында шешілетіндігін айтты. «Халыққа жақын» жобасы аясында Кеңес мүшелері мен салалық министрлік өкілдері де тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жиында мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, әлеуметтік төдем, білім беру жүйесін жетілдіру, медициналық мекемелерді жаңғырту секілді бірқатар мәселе айтылды.
Шара барысында тұрғындарға цифрлық сауаттылықты арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, қаржыландыру бойынша оқыту курстары ұйымдастырылды.
Қабылдауға келген тұрғындарға жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетті. Білікті дәрігерлерден құралған топ азаматтардың денсаулығына байланысты шағымдарын тыңдап, кеңес берді. Скрингтік тексеру жүргізді.
Мобильді топтың жұмысы Шижаға, Қамыстыбас елді мекендерінде жалғасты. Халық кеңесінің мүшелері ауылдағы ағайынның ахуалымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, талап тілегін тыңдады. Ал, Кеңес төрағасы Ерлан Қошанов Арал қаласындағы «Ase Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмысқа қажетті ұнтақтар өндіру цехының жұмысымен танысты. «Халыққа жақын» жобасы аясында мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді. Жерлесіміз, эстарада әншісі Гүлнұр Оразымбетова бастаған өнерпаздар концерттік бағдарлама қойып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.