Ескі қалашық Қызылордадан батысқа қарай 30 шақырым жерде, Қоғалыкөл ауылының маңында орналасқан. Қазіргі уақытта зерттеу екі нысан бойынша жүргізіліп жатыр. Біріншісі, қаланың батыс бөлігінде орналасқан ғимарат. Оны мамандар Ахмет-Йассауи кесенесіне ұқсас салынған мінәжат орны болған деп топшыласа, екінші қазба орны шаруашылық ғимараты болуы мүмкін деген болжам бар. Қос нысанның  қабырғасы ою-өрнекпен көмкерілген күйдірілген қышпен өрілген. Сондай-ақ, қала құрылысында өрнектелген қыштар мен түрлі-түсті мозайкаларды кезіктіруге болады. Құрылыс жұмыстарында қышты байланыстыру үшін әк суына араластырылған батпақ қолданылған тәрізді. « Қазба барысында табылған жәдігерлер қаланың Қазақ хандығына тиесілі болғанын аңғартады,»- дейді тарихшылар.

Мадияр Елеуов – «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры,тарих ғылымдарының докторы

Әуелбек Қоңыратбаевтың қала аңыздары жайлы дерегінде: бұл қала Алпамыстың сүйген жары Баршынды қалдырып кеткен шаһары болуы мүмкін делінген. Сондай-ақ, жазба деректерге сүейнсек, бір кездері бұл қала  Баршынкент деп аталған.   

Дөкей Талеев – Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Келбеті келіскен қалашықтың тарих сахынасынан не себепті жойылғаны жөнінде әзірге нақты дерек жоқ.  Болжам бойынша, Сыр арнасы өзгеруіне байланысты халқы көшіп, қала қаңырап қалған болуы мүмкін.  ХV ғасырдан кейін қала жайлы жазба деректерде ешқандай мәлімет кездеспейді. Зерттеу жұмыстары толық  аяқталғаннан кейін көне шаһар бүккен талай сыр  ашылар деп сенеміз. Бірақ, аумағы 40-50 гектарды алып жатқан қаланы толық зерттеуге уақыт пен әлі де біраз қаражат керек, дейді зерттеушілер. Айта кету керек, қазіргі таңда қолға алынған археологиялық қазба жұмыстарына аймақ басшысының тапсырмасымен облыс қазынасынан қаражат бөлінген.

Әділжан Бердібеков