Республика көлемінде «Маргинал жастар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Қарашаның бірінде басталған науқан аясында облыс бойынша 472 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде бұрын сотты болған байқоңырлық тұрғыннан тапанша табылса, жұмыссыз жастар мен жасөспірімдерден 20 пышақ тәркіленді, деп хабарлайды "Қызылорда" телеарнасы.

Бүгінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс қалыпты жағдайға айналып барады. Тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімделе беретінін ескерсек, бұл – аса өткір мәселе. «Маргинал жастар» жедел-профилактикалық іс-шарасының 13 күнінде 472 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 238 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 24 ата-анаға хаттама толтырылды. Мұнан бөлек, ұсақ-түйек қылмыс жасау және мас күйінде қоғам тыныштығын бұзу факітілері де тіркелген.

СҰНҒАН САЙФУЛЛА –ОПД ҰҚҚКБ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ

"Жас балалар қоғамдық орында алкоголдік ішімдік ішіп жүргені үшін, ұсақ бұзақылық бар соған сәйкес хаттамалар толтырылды. Күрделі оқыс оқиғалар орын алған жоқ."

Бала тәрбиесіне ең алдымен жауапты - ата-ана. Сондықтан, полиция қызметкерлері және ұстаздармен бірге ата-аналар да рейдтік шараларға жұмылдырылған.

БЕКТҰР ҚАЛИ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

"Жылдың басынан бермен қарай осындай практиканы қолданып жатырмыз. Ата-аналармен бірге шығуды. //Бұл ата-аналармен бірге педагогтардың бірлескен шаралары өзінің нәтижесін беруде. // олар өздерінің басқа ата-аналарға осы түнде жүрген балаларға қатысты іс-тәжірибелерімен бөліседі оларға."

Жалпы, жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 6619 қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 108 жасөспірім және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудегі өздерінің міндеттерін орындамаған 101 отбасы профилактикалық есепке алынған. «Маргинал жастар» іс-шарасы қарашаның 15-іне дейін жалғасады. Сондықтан тәртіп сақшылары мен педагогтар күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырып, жұмыссыз жастар мен жеткіншектердің жүріс-тұрысын бақылауда ұстап отыр .