Еңбек майдангерінің мерейін асырған мүшәйра
#qyzylordatv
Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев 85 жасқа толды. Еңбек майдангерінің мерейтойына орай туған топырағы Қожакент ауылында тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Арапбек Әбиев 1941 жылы дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті тәмамдап, Жаңақорған кентіндегі №17 кәсіптік-техникалық училищеде білім алады. Мал дәрігері мамандығын меңгерген оның таңдауы Түгіскен алқабын игеру ісіне түсті. Осылайша 23-ші съез атындағы кеңшарда күрішші болып жұмысын бастады. Аудан өнерпаздары сомдаған сахналық қойылым еңбек майдангерінің өнегелі өмір жолын арқау етті. Аудан әкімі салтанатты шарада мерейтой иесіне аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Иығына шапан жауып, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті.
Келінтөбе каналы бойынан жаңа кеңшарлар құрылып, тіршілік егіншілік қайта жанданды. Осындай ауқымды істің бел ортасында Арапбек секілді жастар жүрді. Жас диқан дақылдың қыр-сырын толық меңгермесе де, тынымсыз еңбегінің нәтижесін көрсетті. Алғашқы жылы-ақ күріштің әр гектарынан 56,8 центнерден өнім алды. Келер жылы көрсеткішті 70 центнерге жеткізді. 1970 жылы звеносындағы әр гектардан 90 центнерден өнім алған диқан бесжылдық бойы осы қарқынынан танған жоқ. Ал 1976 жылы 120 центнерден өнім алып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Осы жетістік оны Социалистік Еңбек Ері етті.
Арапбек Әбиев кейінгі жылдары да еңбектің алғы шебінде жүрді. «Ленин» орденімен екі мәрте, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдары – соның айғағы. Марапат пен мансапты мақсат етпеген оның өмірлік ұстанымы елге адал қызмет болды.
Жыр мүшәйрасына барлық аудандар мен Қызылорда қаласынан 11 ақын қатысты. Олар екі кезең бойынша таласқа түсті. Алғашқы кезеңде Социалистік Еңбек Ерінің өмір жолын өлеңіне арқау етсе, еркін тақырыпта Жаңақорған ауданын жырға қосты. Интершум
Мүшәйра қорытындысымен ІІІ орын қазалылық Дина Бөкебай мен жалағаштық ақын Нұргүл Төлеубайға бұйырды. ІІ орынды шиелілік Гүлбегім Алтынділдә иеленсе, І орынды жаңақорғандық Көкен Өскенбай алды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық ақын Ұлықбек Тәңірбергенов жеңіп алды.
Еңбек майдангерінің мерейін асырған мүшәйрада барлық қатысушыларға арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.