Биыл Қазалы ауданының құрылғанына - 95 жыл. Мерекеге орай ауданда бірқатар әлеуметтік нысан ашылды. Ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, елдің несібесін арттырған дала еңбеккерлері құрметке бөленді, деп хабарлайды "Қызылорда" телеарнасы.

Қазалы қаласының іргетасы 1853 жылы қаланып, патшалық Ресей мен Кеңес өкіметі кезінде уезд орталығы болған. Ал, 1928 жылы Қазалы ауданы құрылып, әкімшілік бөлінісі бекітіле бастады. Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Қазалының қазынасы: «Тарих пен тағылым» тақырыбында баяндама жасап, ауданның өткені мен бүгіні туралы сөз қозғады.

Айта кету керек, еліміз бойынша ең алғашқы кітапханалардың бірі Қазалы қаласында ашылған. Руханият орталығында шетелдік саяхатшылардың аудан туралы естелік жазбалары сақталыпты. Мұндағы ең көне кітап - 1864 жылы жарыққа шыққан сөздік. Конференция барысында кітапхана қызметкерлері алтын қордағы құнды кітаптарды көпшілік назарына ұсынды.

Конференция қонақтары мұнан соң 95 жылдыққа орай 95 түп ағаш отырғызды. Тал егу акциясына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен еліміздің әр өңірінен келген қазалылықтар қатысты. Мерекеге орай Қазалы қаласында жаңа спорт алаңы ашылса, Абай ауылында орталық саябақ пайдалануға берілді.

Абай ауылында мұнан бөлек газдандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр.

Ал, Әйтеке би кентінде «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Мұнда қиын жағдайға тап болған жанұяларға жан жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, орталыққа келген тұрғындарға деффектолог, психолог, социолог секілді мамандар қызмет көрсетеді. Жұмыссыз қыз-келіншектер шаштараз, аспаз, тігінші мамандықтары бойынша арнайы курс оқып, сертификат ала алады.

Ауданның 95 жылдық мерейтойы «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда жалғасты. Қазалының өткені мен бүгіні театрландырылған қойылым арқылы көрсетілсе, 100 домбырашы бір мезетте күй тартып, шараның шырайын аша түсті.

Жиында ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат мерекелік медальмен марапатталса, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Байғабыл Пірманов пен денсаулық сақтау саласында 40 жыл қызмет атқарған Оңталап Өмірзаққа «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Ал, күзгі жиын-терімді ойдағыдай аяқтап, қамбаны қызылға толтырған шаруаларға арнайы номинациялар табысталды.

«Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішшісі Өмірхан Сәденов су жаңа автокөлікке ие болды. Тәжірибелі диқан биыл өзіне бекітілген 52 гектарға егін егіп, жоғары өнім алған. Ала жаздай атыз жағалап, бел жазбай еңбек еткен шаруалар 160 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп, сатты.

Ауданның 95 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтысқа еліміздің әр өңірінен 10 ақын қатысып, сөз қағыстырды. Аралдық ақын Бексұлтан Орынбасар бас жүлдені жеңіп алса, Арқалықтан келген арқалы ақын Тоба Өтепбай бірінші, қызылордалық Ержеңіс Әбді екінші орынға ие болды. Ал, жүлделі үшінші орынға Сырдария ауданының үкілеген үміті Ерасыл Байментай мен Түркістандық Нұрлыбек Мейірман лайық деп танылды. Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы осылайша кең көлемде аталып өтті.