Негізгі Жаңалықтар Қайғыға ортақтасу – елдіктің белгісі

Қайғыға ортақтасу – елдіктің белгісі

#qyzylordatv 

Қайғыға ортақтасу – елдіктің белгісі. Маңғыстаудағы қайғылы жағдай қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Бұл қасіретті Сыр халқы да ауыр күйзеліспен қабылдап, қайғыға ортақтасып отыр. 


МҰХТАР НИЯЗОВ – АЙТЫСКЕР АҚЫН

Теңіздегі жігіттердің жағдайы жанымызды түршіктіріп, тіпті айтарға сөзіміз жоқ. Мұндай сәтте шешендікке де, көсемдікке де, қызыл сөзге де жол жоқ деп ойлаймын. Үнсіз ғана ішімізден қайғырып, теңізде қандай алай-дүлей болса, біздің жанымыз да сондай алай-дүлей болып тұр. Өте өкінішті. Тас түскен жеріне ауыр. Бұл қайғыны ата-анасы, жақын-жуықтар терең сезініп, шайқалып жатыр ғой. Біздің қолымыздан келетіні әлбетте сабырға шақырып, елдің атынан сол қайғыға ортақ екенімізді білдіру. Сырдың елі талай нәубет, талай қиыншылық кезде де Алты Алаштың анасы болып батасын да, дұғасын да қылған ел ғой. Сол елдің көңілін жеткізгіміз келеді. Біздің жанымызға бататын осындай күн қайталанбаса екен, еліміз аман, азаматтарымыз аман болсын!


 МЫҢДІЛДА РШАУОВ – «ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ АРДАГЕРЛЕРІ»РҚБ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға баланысты хабар бәрімізге оңай болған жоқ. Әскери теңіз күштерінің Каспий теңізі жағалауында өткізген оқу-жаттығу барысында әскери қызметтік міндеттерін атқару кезінде жауынгерлердің қаза болуына байланысты Қарулы күштері ардагерлері атынан бүкіл елге қайғыларына ортақтасамыз. Марқұмдардың рухына тағзым етіп, ағайын-туыстарына көңіл айтамыз. Болған оқиғаға байланысты мемлекеттік комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Жалпы әскери оқу-жаттығулар барысында әрбір азаматтан, командирлерден бастап, сарбаздарға дейін қауіпсіздікті сақтау, сақтықты қамтамасыз ету талап етіледі. Оқиғаға байланысты Қарулы күштер басшылығы үлкен сабақ алады. Болашақта мұндай кемшіліктерге жол берілмейді деп сенеміз. Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!

Бөлісу