Қаламгердің қос кітабы жарық көрді
#qyzylordatv
Облыс орталығында Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кенжалы Ерімбетовтің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. «Қаламгердің рухани әлемі» атты шығармашылық кеште қос кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Жетікөлден шыққан журналист һәм жазушы Кенжалы Ерімбетовтің аймақтың ақпарат саласында өзіндік орны, айқын қолтаңбасы бар. Ол журналистикаға еліміз егемендік алған жылдары аяқ басып, «Сырдария» аудандық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, аудандық радио меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ал, 1994 жылдан бастап облыстық телерадиокомпанияда редактор, облыстық радиода бас редактордың орынбасары және республикалық «Хабар» радиосының облыстағы меншікті тілшісі болды. Кенжалы Райымбекұлы телерадиомен қатар республикалық, облыстық газет-журналдарда да жауапты қызметтер атқарды.
«Кенжекең қаламы қарымды, ойы орамды, тілі шұрайлы, сөзі шырайлы журналист әрі жазушы». Бұл әріптестерінің мерейтой иесіне берген бағасы. Расында, Кенжалы Ерімбетов қос саланың шылбырын қатар ұстап, қаламын биікке сермеген шығармашыл жан. Оның «Жыр жауһарындай – Жетікөл», «Ән қанатындағы – Аманкелді», «Ардан аттамаған аңыз адам», «Жайсаң дала» атты кітаптары бұл сөзімізге дәлел.
«Қаламгердің рухани әлемі» атты шығармашылық кеште Кенжалы Ерімбетовтің поэзиялық және прозалық бағытта жазылған «Көңіл күмбезі», «Көл бетіндегі аппақ гүл» атты екі кітабының тұсауы кесілді.
КЕНЖАЛЫ ЕРІМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Өзімнің барлық ғұмырым осы баспасөз саласында келе жатыр. Сондықтан осы салада осы салада жұмыс істеп жүргендіктен өзімнің көп жылдардан бері осы өлеңді қойып кеткен кезім еді, бірақ қайтадан 60-тың үстіне шыққан кезде шабыт оянып, бойыма осы өлең маза бермей 70- ге толдым ғой осы халқыма, еліме өзімнің өлеңдерімді, жырларымды, хикаяттарымды ұсынайын деп осындай сәті түсіп екі кітаптың тұсауын кестік. .
Қаламгердің 70 жылдық мерейтойы алдағы уақытта туған жері Сырдария ауданында кең көлемде аталып өтеді. Мұнан бөлек қала күні аясында облыс орталығында шығармашылық иесімен кездесулер ұйымдастырылады.