Жаңа маусым: Күй күмбірлеп, ән әуелеген кеш
#qyzylordatv
блыстық филармония жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі маусымашар концертін өткізді. «Егемен елдің күй керуені» атты кеште қазақтың дәстүрлі күйлері мен отандық және шетелдік композиторлардың үздік шығармалары орындалды.
Облыстық филармония 54-ші жаңа маусымын жуырда Елорда төрінде ашқан болатын. Енді міне, ұлттық өнерді ұлықтап, қазақтың құдіретті күйін, сазды үнін насихаттап жүрген Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Сыр сахнасында маусымашар концертін берді.
Дәстүрлі музыкалық өнерді дамытып, ұлттық аспаптардың үнін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан оркестрдің репертуары биыл жаңа туындылармен толықты. Соның ішінде Маңғыстау өңірі композиторларының шығармалары бар. Жаңа маусымның алғашқы концертіне Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мәдіреев арнайы келіп, оркестрге дирижерлік етті.
Кеште оркестрдің сүйемелдеуімен Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы», Қуат Шілдебаевтің «Отан ана», Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған туған ел!» сияқты шоқтығы биік шығармалары орындалды. Сонымен қатар, көрермен қазақстандық және шетелдік композиторлардың үздік туындыларын тыңдап, рухани азық алып тарқасты.