Облыс әкімінің төрағалығымен Байқоңыр қаласын дамыту жөнінде мәжіліс өтті. Жиында жұлдызды қалашықтағы тұрғын үй құрылысы, электр желісін жаңарту, кәріс жүйесі мен су құбырларын қайта жаңғырту, білім, денсаулық саласына қатысты мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды "Қызылорда" телеарнасы.
Соңғы жылдары Байқоңыр қаласын дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі 5 тұрғын үй салынып, газдандыру жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, жұлдызды қалашықта әлі де шешілмеген проблема көп. Мәселен, жылу және электр желілері ескірген, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі инженерлік жүйелерін де жаңарту керек.

ҚАЙРАТ НҰРТАЙ - ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАЙҚОҢЫР КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

"Қаладағы жылу жүйелері, электр желісі бойынша және тұрғын үйлердің тозуы 60-70 пайызға жетіп тұр. Бұл мәселелерді кезең кезеңімен шешу бойынша үкіметаралық комиссияда қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда қанша қаражат керек екенін дайындап қойдық."

Қазіргі күні Байқоңырдағы 12 мектептің бесеуі, 15 балабақшаның үшеуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы да 2 мемлекеттік балабақша іске қосылатын болады.

АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

"2023 жылы облыстық бюджеттен 31,9 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік тапсырыс орындауға дайын."

Ал, денсаулық саласына келсек, аурухана мен емхана бір ғимаратта орналасқан. Сондықтан жергілікті тұрғындар емхананы басқа ғимаратқа көшіруді сұрап отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков бұл мәселені облыс әкімінің назарына жеткізді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ

"Айтылған бос ғимараттардың бәрін пайдалануымыз керек. Ең бірінші өзімізге қажетті әлеуметтік нысандарға пайдаланайық. Білім саласына, денсаулық сақтау саласына, мәдениет спорт саласына. Қалғандарын жүргізетін кәсіпкерлерге берейік."

Жиын соңында Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына Байқоңыр қаласының инженерлік инфрақұрылым желілерін қайта жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, әлеуметтік нысандарды салу, мемлекеттік балабақшаны іске қосу, медициналық ұйымдарды қажетті мамандар және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.