«Соңғы жылдары өңірге инвестор тарту ісінде тың серпін бар. Бұл қарқын бәсеңдемеуі тиіс». Үкімет отырысынан кейін өткен жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осылай деді. Инвесторлардың жобаларына алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсетіліп, бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түседі.

Жиында аймақ басшысы бюджет және салық саясатына ерекше тоқталды.Қазіргі таңда елімізде жаңа салық кодекісінің жобасы әзірленуде. Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына жергілікті бюджеттің мүддесін ескере отырып, тиісті ұсыныстарды тез арада әзірлеп, орталық атқарушы органдарға жолдауды тапсырды. Инвестиция тарту мәселесі де күн тәртібінен түспейді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде жұмыс жасап, олардың проблемалық мәселелерін заң аясында жедел шешу бағытында тиісті шараларды айқындап, нақты іс-қимыл қабылдауларыңыз керек. Мемлекет және жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуы жоспарланған қалалық және аудандық деңгейдегі барлық саладағы инвестициялық жобалардың проблемалық мәслелері өңірлік үйлестіру кеңесі аясында шешімін табуы қажет.

Нұрлыбек Нәлібаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, суармалы суды үнемдеу технологияларын енгізу, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту бойынша да нақты тапсырмалар берді. Одан соң медицина сапасына қатысты мәселелер сөз болып, облыс әкімі МӘМС жүйесін сынға алды.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаннан бастап облыста бұл саланың бюджеті екі жарым есеге артқан. Алайда осына есеге артса да медициналық көмектің сапасы жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет халыққа әлі де қол жетімсіз. Себебі, сақтандыру жүйесіне облыс тұрғындары толық тартылмаған. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы барлық деңгейдегі әкімдермен облыстық денсаулық сақтау басқармасымен міндетті әлеуметтік жүйесінде сақтандырылған тұрғындар санын 85 пайызға жеткізуіміз керек.

Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға қатысты жоспарды уақытылы зерделеп, бір апта ішінде нақты ұсыныстар беруді міндеттеді.