Бюджет қаражатынан шашау шығармай, мақсатты жұмсалауын қадағалау қажет. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне осындай тапсырма берді. Селекторлық жиынға министрлер мен облыс әкімдері қатысты.
«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», деді Олжас Бектенов.
Cонымен қатар Премьер-министр Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту мәселесін ортаға салды. Ол Салық кодексіне өзгерістер енгізу барысында құжатты дайындауды толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеу керектігін айтты. «Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек», деді Үкімет басшысы.