Қызылорда қашанда қайсар қыздардан кенде емес. Солардың бірі де бірегейі – Қаншагүл Мұстафаева. Оның болмысында биіктік, ісінде ірілік бар. Жауапты қызметтерді ерлермен теңдей еңсеріп, елдің ықыласына бөленді. Әсіресе, өнер мен мәдениет саласын өрге сүйреп, жүздеген шәкіртке ұстаз болды. Өнегелі өмір иесі биыл 60 жылдық белесті бағындырды. Осыған орай ел алдында есепті шығармашылық кеш өткізді....
Қаншагүл Шоңмұрынқызының қызмет жолы қызық. Ең алғаш еңбек майданына комбайнердің көмекшісі болып кірісті. Ерлермен қатар егін даласында тер төгіп, күрішті өңірдің ырысын арттырды. Одан кейін жоғары оқу орнын тәмамдап, музыка мектебінде мұғалім болды. Шәкірт санасында сәуле шашып, шырақ отын маздатты. Бүгінде солардың бір шоғыры сахна саңлағына айналды. Шығармашылық кеште Шоңмұрынқызы шәкірттерімен өнер көрсетті.
САМАЛ БАЙСЕЙІТОВА – «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
//Қаншагүл Шоңмұрынқызының мектебінен өттік әрине. Балалық шағымызда біздің бойымыздағы өнерімізді танып, бізді өнерге баулыды. Қаншагүл апайымыздың қанатының астында тәрбиеленіп, өнерде өсіп, қазір барлық Қазақстанның қалаларында осы өнер жолында еңбек жасап жатырмыз. //
ҚҰРАЛАЙ ҚАСЫМОВА – ШӘКІРТІ //Менің өнерге келуімі Қ.Шоңмұрынқызының тікелей ықпалы болды. Маған баян класынан сабақберген ол кісі. Ол кісіде баян классы бойынша бітіріп шықтым. Бала күнімізде ауылдарды аралап, көп концерттерге баратынбыз.
Қаншагүл Шоңмұрынқызы шығармашылықтан бөлек, салмағы мол саяси қызметтерде де болды. 2009-2015 жылдар аралығында Қармақшы, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Жауапты жүкті көтере жүріп, талайдан тәлім алды. Идеология саласын ұршықша иіріп, тың идеяларды жүзеге асырды.
Ал 2015 жылдан бері саяси партияда жемісті жұмыс атқарып келеді. Сондай-ақ, ол VI, VII шақырылымдағы Жалағаш аудандық мәслихатының депутаты ретінде елдің алғысын арқалады. Қанша қызметте жүрсе де, шығармашылықтан қол үзген емес. Мерейлі кеш иесіне Жалағаш және Қармақшы аудан әкімдерінің құттықтауы хаты табысталды.
Қазақы қалып. Ұлттық үрдіс. Әдемі әдеп. Қаншагүл Шоңмұрынқызының негізгі үштағаны осы. Еркелігін еңбекке, жастығын жігеріне жеңдірген ол елдің дамуына әлі де еңбек сіңірмек.