Жемқорлықты жеңудің әлемдік стандарттары біздің қоғамға да етене енуі тиіс. Бұл уақыт талабы. Әйтпесе ішкі аудит пен сыртқы талдаулар бюджет қаражатының миллиондап құрдымға кетіп жатқанын көріп отырмыз. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тоқтататын тетік ретінде әр мекемеге комплаенс офицер қызметін және әлемдік тәжірибеде коррупцияға қарсы тиімді құралдың бірі ISO 37001 стандартын енгізу маңызды іс болмақ. Бүгін аймақтағы квазимемлекеттік ұйымдарға осы алгоритмдер түсіндірілді.
Комплаенс қызметі не дегенге келсек, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ішкі құжаттарды әзірлеу; коррупцияға қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қысқасы, әр мекемеде ар мен қолдың тазалығы үшін жауапты болатын маман. Ал, бұл мәселе бізде өзекті болып тұрғаны жасырын емес.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралдың бірі ISO 37001 стандарты. Елімізде бұл стандарт енді таралуда. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ISO 37001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігін сәтті растаған еліміздегі мемлекеттік ұйымдардың алғашқысы әрі осы миссияны атқаруға сертификат алған ұйым.
ISO 37001 халықаралық стандартын енгізген кез келген ұйым «Парасатты компания» мәртебесіне ие болады. Бұл мекеме беделіне оң әсер етеді. Қысқасы, қолы мен ары таза ұйым санатына енеді.
Облыс басшысы аймақтағы мекемелерден осыны талап етіп отыр.