Елімізде мемлекеттік қызмет туралы заң жаңаланады. Осыған орай облыстық статистика департаментінде құқықтық оқыту семинары болды. Онда мемлекеттік қызметтің жаңа талаптары түсіндірілді.
Жаңа редакциядағы Заңның негізгі бағыттарының бірі – азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру. Енді үміткерлерді іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Семинар барысында облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев мемлекеттік қызметшілерге жаңа Заңның мақсаты мен миссиясын түсіндіріп, негізгі басымдықтарға тоқталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылдауда конкурстық рәсімдерді жетілдіру және оларға қойылатын талаптар мен лауазымдық міндеттерді сөз етті.