БАҚ қызметкерлері арасында Сыр журналистикасының саңлағы Сағитжан Бермағанбетовты еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті. Дәстүрлі спорттық дода бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
Ақпарат саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Сағитжан Бермағанбетовтың есімі ел есінде. Студент кезінен бастап қалалық "Қоғамдық теледидар" арнасында редактор, хабарлардың авторы мен жүргізушісі, "Қазақстан-Қызылорда" телеарнасында редактор қызметін атқарып, осы арнанын "Түйін" ақпаратты сараптау бағдарламасын жүргізді. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі болды. Спорттық жарыста өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері бақ сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Шараға Сағитжан Бермағанбетовтің ата-анасы да арнайы келді.
МЕРУЕРТ БАҚБЕРГЕНОВА – САҒИТЖАН БЕРМАҒАНБЕТОВТІҢ АНАСЫ "Мына қаламгерлер күні 28-маусым құтты болсын бәріңе. Аманшылық болсын балдарым. Қанаттарың талмай, қаламдарының ұштары сынбай, аман-есен жүріп, әр жылда аман-есен қауыша беріңдер. Жұмыстарың жемісті болсын. Менің Сағитжанымды еске алып жатқандарыңа көп-көп рақмет. Жастар осы алдағы ағалары қандай болса, кейінгі жастар соларға қарап өседі. Міне осы жастар өссін, өнсін. Қазақстанымыз аман болсын."
Сағитжан Бермағанбетов – Сыр өңірінде журналистика саласының дамуына үлес қосқан, сөзі өтімді, қаламы қарымды қаламгер еді. Жыл сайын оның есімін ұлықтауды әріптестері игі дәстүрге айналдырған.
НҰРБЕК ӘМИША - «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ "Сағитжанмен бірге біз Қорқыт Ата университетінде бірге оқыдық 4 жыл бойы. Студент кезінен бастап бұқаралық ақпарат құралдарында, осы қоғам тв телеарнасында жұмыс істеді. Жас кезінде өте ергезек болған.және осы ақпаратты талдау, аналитика жасау, сараптама жасауды өте жақсы меңгерген. Және айтып отырымын ғой, адамдармен тез тіл табысқыш. Нағыз коммуникация осы 21-ғасырдың нағыз майталман маманы болатын адам. Бірақ өкінішке орай енді 26 жасында өмірден өтіп кетті.ол осы 26 жасында көп нәрсе жасатты. Қоғам тв телеарнасында аптаның алты ауызын жасады, шығарды. Сағитжанның осы өткір, кесіп түсетін сөздері әлі күнге дейін халықтың аузында. сондықтан журналистиканың жарық жұлдызы деп ойлаймын Сағитжанды. //
Үшінші мәрте өткен еске алу турниріне 5 команда қатысып, өзара кездесіп шықты. Республикалық телеарналардың меншікті тілшілерінен құралған «Қаламгер» командасы 4 ойында 10 ұпай жинап, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, екінші орынды «Сыр медиа» командасы еншілесе, үшінші орынды облыстық қоғамдық даму басқармасы қызметкерлерінен құралған «Даму юнайтед» командасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға арнайы кубок, медаль және қаржылай сертификаттар табысталды.