Қызылордада алғаш рет Қазақстан мен Қырғызстанның ең ірі театрларының жетекші солистері әлемдік балет классикасының үздік туындыларын ұсынды. Өнер кешінде әйгілі қойылымдардан үзінділер мен заманауи хореографиялық нөмірлер ұсынылды.
Кеш шымылдығын Қызылорданың «Ай-Ару» заманауи би ансамблі ашты. Жас бишілер Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Әмір Жексенбектен шеберлік сабағын алып, тәжірибе алмасты. Өнер орталығының сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, «Астана Опера» театры, Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театры мен Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық опера және балет театрының әртістері өнер көрсетті. Жобаның басты мақсаты - өңір тұрғындарын балет өнерінің үздік үлгілерімен таныстыру.
Әлемдік классика көптің жүрегін жаулады. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері Азамат пен Әсел Асқаровтар әйгілі «Аққу көлі» және «Қызыл Жизель» балеттерінен үзінділер ұсынды.
Сыр сахнасында Қырғыз ұлттық опера және балет театрының солистері де өз шеберліктерін көрсетті. Бішкектен келген балет жұлдыздары көрермен назарына классикалық репертуардың танымал партияларын тарту етті. Бір сахнада тоғысқан балет классикасы мен заманауи хореография көрерменге жоғары деңгейдегі өнер мерекесін тарту етті.