Сыр бойын сыртқы жаудан қорғаған, азаттық үшін айқасқан қазақ батырларының мәңгілік байыз тапқан жері табылды. Тарихта аты қалған Жолай жасауыл мен Шыбынтай бидің ұрпақтары Арал ауданындағы Қарақұмға арнайы барып, ескерткіш белгі орнатты, бабалар рухына тағзым етті.

Жолай Ырысымбетұлы мен Шыбынтай би 1700-1775 жылдары өмір сүрген. Тарихи деректерге сүйенсек, олар Ресейге бодан болу саясатына қарсы болып, Қарақұмда Батыр сұлтанды хан көтеру рәсімін ұйымдастыруға белсене қатысқан. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің «Елең-алаң» романында Шыбынтай бидің есімі аталады. Ал, «Қазақ ру-тайпаларының та¬рихы» атты кітапта XVIII ғасырдың алғашқы ширегі мен ортасында ойрат шапқыншылығы кезінде ел басқаруға ерте араласқан Жолай жасауыл туралы дерек бар. Жолай мен оның ұрпақтары жайлы Сыр сүлейлерінің шығармаларында да кездеседі.