Биыл Қазақстан Республикасы әкімшілік соттарының құрылғанына 5 жыл толды. Осыған орай Достық үйінде «Әкімшілік әділет – мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Осы ретте өңірде сот жүйесі заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Облыс әкімі ғылыми-тәжірибелік конференция құқық үстемдігін одан әрі нығайтуға бағытталған жаңа міндеттерді айқындайтынын айтты.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығына айналды. Бұл бастама қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруды, заң талаптарын бұлжытпай орындауды, мемлекеттік шешімдердің әділ әрі ашық қабылдануын қуаттайды. Әрі әрбір азаматтың құқығын қорғауды көздейді.

Конференция барысында облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Жалғасбайқызы Әкімшілік әділеттің тарихы мен маңыздылығына тоқталса, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Экономика және құқық институтының директоры Айнұр Исаева «Әкімшілік сот ісін жүргізудегі соттың белсенді рөлі қағидаты» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар іс-шара аясында сот жүйесі мен мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлері марапатталып, оларға алғыс хат табысталды.

Заң үстемдік құрса, талап күшейеді. Тәртіп орнайды. Бұл қоғам үшін маңызды. Құқықтық мемлекет құрудың да басты мақсат осы қағидалар болса керек.