Арал ауданы, Сексеуіл кентінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Келесі сюжетте «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңашылдыққа бет бұрған кәсіпкерлер туралы айтпақпыз. Солардың бірі –Ақжол Боханов. Ол сексеуілдің сортаң құмына бау-бақша өнімдерін өсіріп, жылыжай ісін жандандырып отыр. Ал, Рақымжан Жетесов көлік жөндейтін орталық ашып, темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерге техникалық қызмет көрсетіп келеді. Кентте кәсіпкерлік саласында мұнан өзге де бастамалар баршылық.
Сексеуіл кентінің тұрғыны Ақжол Боханов жылыжайда қияр өсіруді осыдан бес жұл бұрын бастаған. Ол үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған. Жылыжайы жайқалып, көңілі жайланған бағбан тағы да түрлі бағдарламалар арқылы қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алуға ниетті.
АҚЖОЛ БОХАНОВ – КӘСІПКЕР "Келешекте жылыжайды үлкейту жоспарымыз бар. Үкіметтен көмек болса. Қолдан келгенше өзімізде талпынып жатырмыз. Клубника өсіруге болады. Мысалы, өзімізде жоқ, қашықтан экспортталатынды өзіміздің жерде өсіруге болады. Мысалы салатный лист, капуста деген секілді күнделікті қолданатын."
Аграрлық салаға бет бұрған Ақжол Боханов жылыжайдан бөлек жылда 4 гектар жерге қауын-қарбыз егеді. Жеміс ағаштарын да күтіп-баптауда. Ал, Рақымжан Жетесов «Ауыл аманаты» жобасының арқасында көлік жөндейтін орталық ашқан.
Аталған жобаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Қазбек Жақсылықов. Ол түрлі формадағы төсеніш тастар мен үйдің сыртын қаптауға арналған бұйымдарды шығарумен айналысады. Құрылысқа қажетті өнім шығару үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған. Сол арқылы қажетті құрал-жабдықты түгендеп, кәсібін өрістетіп отыр. Қазір қарамағында 4 адам тұрақты жұмыс істейді.
Былтыр Арал ауданында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 84 жобаға 661 млн.теңге көлемінде несие берілген. Кәсіпкерлердің көбі қаржысын өңдеу саласы мен мал шаруашылығына бағыттаған.