Қалауын тапсаң талай істі қолға алып, нәтижесін көру болады. Туризм саласы да солай. Қызылорда біле білдгенге киелі мекен. Мұнда тасын төксең тарихы сайрап, құмын уыстасаң құпиясы жайлап ашыла береді. Бүгін Үкімет жазғы туристік маусымға дайындық және туризмді жыл бойы дамыту мәселесін қарады. Оның ішінде біздің бүйірдегі Байқоңыр да сөз болды.

Парқына бара білсек, мына тұрған Қамбаш Қара теңізден кем емес. Жаңақорғанның суы мен балшығы мың ауруға ем. Тау басындағы Далай ламаны іздегенше түркінің ізін де, үнін де үзбеген Қорқыт бабаға бет бұрып келу мың сауап дер едік. Ол аз десеңіз, шөлдегі туризмді дамытуға тағы біздің Қызылорданың Қызыл құмы сұранып тұр емес пе?! Этнографиялық барлау мен жұлдызға толы көк аспан астында джип-сафари ұйымдастырса керемет емес пе?! Міне, сол кереметтерді әлем танитын кезеңге де жақындап қалдық. Күні кеше миллиондаған көрермені бар шетелдік белгілі блогерлер Сыр елінің көрікті жерлерін көріп кетті. Көп дүниені қаперлеріне іліп кетті. Тағы бірнеше мәрте келеміз деп, жоспарларын құрып кетті.

Үкімет өз кезегінде туризмнің ордасы - әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы Байқоңырда туризмді дамытуға басымдық берілетінін айтты. Ол үшін әрине, біраз инфрақұрылымды жаңарту керек, ол жұмыстарға инвестор тарту керек, - деді сала министрі

Әлемдік БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа қарасақ, Біріккен араб әмірліктері де Байқоңырдан зымыран ұшыруды көздеп отыр. Шыны керек, бұл бүгін пайда болған жоспар емес, арабтар біраздан бері біздің жұлдызды қалашыққа қызығушылық білдіруде. Бұл туралы жуырда Абу-Дабиде өткен ғарыш көрмесінде мәлім етілді. Яғни, жасанды интеллект пен ғарыш саласын игерудің синтезі болмақ бұл жоба. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде ғарыш аппараттары шағын әрі ыңғайлы бола түсуде. БАӘ-де жасалып жатқан жүйе әлемде жоқ, -дейді жоба жетекшісі

Әрине, туристер келу үшін инфрақұрылымды жақсарту керек, жаңа бағыттарды ашу керек, қызмет көрсету сапасын арттыру керек,- деді Үкімет басшысы.

Сыр елінде көне тарихтың көмбесі ретінде көпті қызықтырар жәдігер көп. Сығанақ, Жанкент қалалары туралы мазмұны мен бейнелеуі келіскен ролик жасап, әлеуметтік желіге салсаң, қаралым да, осы жерді көруге деген қызығушылық та артар ед, - деді облыс әкімі өз кезегінде, оған қоса Жанкент демекші, оғыз мемлекетінің астанасы болған бағзы заманның қаласында Қорқыт баба дүниеге келген, осы ретте түркі халықтарының басын біріктірген «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалін жаңғыртсақ, өткеннің ұлағатын бойына сіңірген ұрпақ оны талай ғасырға жалғастырар еді...

Көшпенділер өркениетінің көп ізі бар бізде, жалпы төрт өркениеттің куәсі болған, қазақ елінің астанасы да болған Сыр жері насихаты күшейсе, талай турист шоғырланар мекен болмақ.

Жеті жұрт кетіп, жеті жұрт келген ұлы мекен - Сыр топырағындағы киелі де, керемет жерлерді тізбелесең, тауыса алмайсың, тек сол керемет жерлерге баратын жолды, жол бойы қызмет көрсететін қонақ үй мен гидтерді реттеп алу басты міндет. Ұсынар тағамның сапасы да жоғары болуы керек. Әйтпесе дәстүрі озық, деңгейі биік, мәдениеті мығым Қызылордада келген қонағына ұялмай көрсете алар мұра, жәдігер, тәу етер бабаларымыз баршылық.