Өңірде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтті. Саяси науқан 3 округ бойынша яғни, Қызылорда қаласы мен Арал, Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылды.
Жексенбідегі саяси додада барлығы 10 кандидат бақ сынады. Олардың үшеуі - облыстық, үшеуі - Арал аудандық және 4 кандидат Жаңақорған аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер. Жалпы аталған 3 округ бойынша 37 мыңнан аса сайлаушы дауыс беруге құқылы. Тұрғындар таң сәріден тіркелген учаскелеріне келіп, таңдауларын жасады. Олардың қатарында отбасымен бірге келген сайлаушылар да бар.
Сайлау барысында 3 округте 27 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Науқанның ашық әрі әділ өтуін 13 қоғамдық бірлестік мүшелері мен кандидаттардың сенім білдірген 144 өкілі бақылады. Сайлау заңға сәйкес таңғы сағат жетіде басталып, кешкі сағат 20:00-де түйінделді. Осы аралықта 23 мың 184 сайлаушы саяси додаға маңызбен қарап, өз таңдауларын жасап үлгерген.
Сайлау қорытындысы бойынша жұртшылықтың ұйғарымымен облыстық мәслихат депутаттығына Мұсаева Гүлшат Исақызы лайық деп танылды. Оған 12 мың 367 сайлаушы дауыс берген. Ал, Арал аудандық мәслихат депутаты болып Әліпов Болатбек Ғалитұлы сайланса, жаңақорғандықтар Юнусов Азатбек Оразаұлына сенім білдірген. Енді ел аманатын арқалаған азаматтар халық қалаулысы ретінде жаңа жұмыстарын бастайды.