Қазір ерінбей еңбек етем деген жанға мемлекет тарапынан қолдау зор. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында тыңнан түрен салуға мүмкіндік мол. Ал, барлығы техника күшімен жүзе асары белгілі. Бұл ретте «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы шаруалардың машина паркін жаңалауға жәрдемдесуге ынталы. Аталмыш құрылым арқылы тірлігін түзеген жандармен тілшіміз тілдесіп қайтты.

«Сейітжанов» шаруа қожалығы тәуелсіздікпен қатар қанат қаққан құрылым. Отбасылық қожалық мүшелері алғашында қол күшімен, одан қалса ескі техниканы жамап-жасқап жұмыс атқарыпты. Соңғы 10 жылдықта шаруашылықтың машина паркі едәуір жаңарды. Тиісінше егіс көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Жетістікке жету жолында лизингтік несиелендіру бағдарламасының көмегі көп болды, дейді шаруа.

Көктемнің бір күні жылға азық. Қазір дала төсінде тірлік қызу. Дихандар әртараптандыру аясында мақсары дақылын егіп жатыр. Ал, күріш себу науқаны санаулы күннен кейін басталмақ. Шыны керек, қазір ешкім кетпен арқалап, атыз араламайды. Барлығы техника күшімен жүзеге асырылады. Осы ретте «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы шаруаларға қол ұшын созуға әзір. Бүгіннің өзінде өңір дихандары аталмыш құрылым арқылы 80-ге жуық техника алуға уағдаласып отыр.

Мемлекеттің мызғымас міндетінің бірі шаруаларға қолайлы жағдай жасау. Сондықтан бұл құрылым тек ауыл шаруашылығы техникаларын ғана несиелендіріп қоймай еңбеккерлердің басқа да қажеттеріне жарап отыр. Мәселен, далалық аймақтарға электр желілері тартылмаған. Ал, қаржыландыру тетігі арқылы күн сәулесінен қуат алатын құрылғы арқылы шаруасын ширатқан еңбеккерлер жетерлік.

Жалпы, өңір шаруалары бүгінге дейін аталмыш құрылым арқылы екі жарым мыңға жуық техникаға қол жеткізді. Бұл мақсатқа 58 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Биыл да осы межеден көріну жоспарланып отыр.