Тілеуберген Тобабергенов – Қазалы ауданындағы соғыстың соңғы солдаты. Отан үшін от кешіп, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан қарияны аудан әкімі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазалыдан 10 мыңнан астам азамат аттанса, олардың жартысына жуығы майданда қаза тапты. Хабарсыз кеткендері қаншама? Ал, Тілеуберген Тобабергенов аудандағы соғыстың көзі тірі соңғы куәгері. 18 жасында әскерге аттанған бозбала қару асынып, ұрыс даласынан бір ақ шықты. Бораған оқ пен оттың ортасында жүріп, Белоруссия, Польша, Чехословакия майдандарында болған. Жеңісті Берлинде қарсы алған ол 1947 жылы туған жерге оралып, теміржол саласында еңбек етті. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қарт майдангердің шаңырағына барып, Жеңіс мерекесімен құттықтады. Отты жылдары кеудесін оққа тосқан жауынгердің ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Жеңістің 79-шы көктемін қарсы алып отырған ардагердің бар арманы елдің тыныштығы, береке, бірлігі.