«Аңсаған сәби»: Биыл өңірде 113 бала дүниеге келді
#qyzylordatv
Жыл басынан бері облыста экстракорпоралды ұрықтандырудың арқасында 113 бала дүниеге келген. Бұл отбасылар мемлекет басшысының нұсқауымен 2021 жылы басталған «Аңсаған Сәби» бағдарламасы арқылы ата-ана атануға мүмкіндік алып отыр. Ал биыл облыс тұрғындарына 264 квота бөлініп, оның 89 пайызы игерілді.
2015 жылдан бері облыста ЭКО квотасының саны сегіз есеге өсті. Биыл 235 әйел мамандандырылған медициналық мекемелерге жолдама алды. ЭКО арқылы ата-ана атанған отбасылардың тоғызында егіз бала болса, тағы екі нәресте суррогат ана арқылы дүниеге келген. Қазір облыста репродуктивті жастағы 170 мыңнан астам әйел бар. Оның ішінде 654 отбасы ЭКО квотасын алу үшін кезек күтуде. Пациенттерді аймақтық комиссия қарап, белгіленген талаптарға сәйкес емдеуге жолдама береді.