Бүгін Тасбөгет кентінде екі көпқабатты үйден 150 отбасына пәтер кілті табысталды. Одан бөлек, қала орталығынан жаңа спорткешені есік ашты. Осылайша жерлестеріміз екі бірдей жарқын жаңалықтың куәсі болды.
Дәл Қызылордадағыдай әлсін-әлсін тұрғын үй беріп, тұрғындарын қуантып жатқан облыс кемде-кем. Өткен жылы аймақта 300 тұрғын үй салынды. Биыл да бюджет қаражаты есебінен 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 462 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін тағы 150 отбасы баспана бақытына кенеліп, әр пәтер қуаныш пен шаттыққа, балалардың күлкісіне толғалы тұр. «Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.
Жаңа пәтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалаларға табысталды. Баспана құрылысын «Аман құрылыс», «Интегрострой», «AS and limited» компаниялары салған.
Спортсүйер жасөспірімдерге тамаша жаңалық! Жалаңтөс баһадүр көшесінің бойынан «Шұғыла» спорт кешені ашылды. Спорткешенін салып, кіші буынға керемет мүмкіндік сыйлаған меценат Сейітқали Алшынбаевқа облыстың Құрмет грамотасы табыс етілді.
Спорт кешені 350 орындық, мұнда таеквонда, хореография, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері болады. Комбинациялық ойын - волейбол ойнайтын қыздар шоғыры бір төбе екен
Шығыс жекпе-жегінен де мықты ұл-қыздарымызды мақтан тұта аламыз. Небір байрақты бәсекеде топ жарған спортшыларымыз бар.
Спорт - бұл өмір, саламатты тіршілігіміздің салты, рухты ұрпақты тәрбиелейтін керемет өнер түрі. Ұлтқа керек намыс, абырой деген керемет қасиеттер осы спорт арқылы бойға дариды, облыста спорткешендерінің қатары көбейе түссе қанекей! Айтпақшы, спорткешені балалар үшін тегін қызмет көрсетеді.