Жаңа маусым жаңалығы
#qyzylordatv
«Qyzylorda» телеарнасы жаңа маусымды ерекше сарында бастады. Президент саябағының амфитеатрында алғаш рет Open Air форматында маусым шымылдығы түріліп отыр. Самала кеште Сырдария жағасында өткен креативті шарада көрерменге арнаның жаңа жобалары мен тың телеөнімдер таныстырылды. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Open Air. Бұл жаңа маусымды жаңаша таныстыру кеші. Креатив көзге ұрып тұр. Дайындық қызу жүргізілді. Күн еңкейер сәтте көпшілік күткен шара да басталды. Сахна сәнді, аңдатпа мәнді. Жалпы жаңа маусымда «Qyzylorda» телеарнасында ұзын ырғағы 32 бағдарлама көрермен назарына ұсынылмақ. Соның бесеуі су жаңа өнім. Ашық аспан астында сол тыңнан түрен салған жобалардың жай-жапсары жұртшылыққа таныстырылды.
Жаңа телеөнімдер қатарында танымдық-ақпараттық бағыттағы сараптамалық бағдарламалардан бастап, жастарға арналған креативті жобаларға дейін бар. Геосаяси кеңістік пен рухани өлшем де назардан тыс қалмады. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы тізгіндейтін «Құндылықнама» хабарында өңір мен өмір иірімі қатар қамтылмақ. Ал, «Біртуар» деректі фильмдер топтамасында тарихи тұлғалар хақында бұрын-соңды айтылмаған архивтік деректер ұсынылады. Өшкен өркениеттер ізін барлаған «Қызылорда экспедишн» жобасының үшінші маусымы да қызыққа толы болмақ. Құм астындағы қалалардың құндылығын зерделеу үшін көршілес өңір ғалымдары да Сыр даласына сапар шегеді.
Жалпы, 35 жылдық тарихы бар аймақ арнасы жылдар жылнамасын жанашырлықпен жазып келе жатыр. Тәулігіне 15 сағат бойы жұртшылыққа ақпарат таратылады. Арнадағы бағдарламалардың 80 пайызға жуығы– төлөнім. Жобалардың бәрі жаңа форматта түсіріліп жатыр. Маусымашар сәттегі дала студиясында сол пішіні өзгерген бағдарламалар көрермен назарына ұсынылды. Ең бастысы осы бір қызықты сәттен шалғайдағы жұртшылық та қалыс қалған жоқ. Екі сағатқа созылған кеш телеарнадан тікелей эфирде көрсетілді.
Ұялшақ арудай күннің нарттай қызарып батуы жып-жылы көрініс. Әсіресе бұл біздің аймаққа тән ерекшелік. Осы бір қас-қағым сәттің қадірін кадрлау теларна ұжымының көптен бергі жоспары еді. Сабақты ине сәтімен. Сыр жағасындағы самала кештің көрерменге ұсынған рухани әсері мол болды.
Жаңа маусымның таныстырылымы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді. Дала сахнасында Үміт Медеуова, Бекзат Молдабергенов, Үкітай Ерниязов сынды өнер иелері ән шырқаса, «Мереке» вокалды-аспаптар ансамблі кештің музыкалық көркін аша түсті. Ашық аспан астындағы шарада әріптестеріміз де әуезді әнге ерік беріп, телеарна әнұранын көрермендермен қосыла шырқады.