Негізгі Жаңалықтар Көтерілген мәселелер заң аясында шешіледі

Көтерілген мәселелер заң аясында шешіледі

#qyzylordatv 

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жолы қабылдауға 19 адам жазылып, оның үшеуі онлайн форматта мәселесін жеткізді. 


Түс ауа басталған әкім қабылдауы ымырт үйірілгенге дейін жалғасты. 19 азамат – 19 түрлі тағдыр. Көбі денсаулық мәселесімен келген. Оның ішінде мүгедектікті рәсімдеу жайын көтергендер көп болды. Аймақ басшысы бұл түйткіл заң аясында реттелетінін жеткізді. Ал, ауыр дертке шалдыққан баласы үшін шырылдап келген әке мұңы өз алдында, асқар тауының күн сайын шөгіп бара жатқанына алаңдаған қыздың көз жасы жүрек сыздатады.


НӘДИРАБЕГІМ ҚУАНЫШБЕК – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ  

 Қазір кішкене есін біледі, бірақ жарты жылдай ауыр хәлде жатты. Өлім аузынан қалды әкем. Дәрігерлер апта сайын келу керек, бірақ келмейді уақыттары жоқ, дейді...


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ  

Неге келмейді?! Бауыржан мынаны бақылауға ал. Міндетті түрде барып көр. Оңалту орталығына жібер. Қалада талай қызмет атқарған азамат қой ол


 Әкім қабылдауында тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселесін көтергендер де бар. Мұрат Нәлқожаұлы баспана тек кезектілік тәртібімен ғана берілетінін кесіп айтты. Ал бірқатар азаматтың жұмысқа орналасуын сала жетекшілеріне тапсырды. Айта кетерлігі, қабылдауда жеке бастың жайын емес, тұтас елдің түйіткілін жеткізгендер де болды.


 СӘБИТ ТӨЛЕГЕНОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ  

  Тасбөгет кентіндегі Әлия Молдағұлова көшесінде тұрамыз. Тұрғындардың атынан келіп отырмын, аға, сіздің алдыңызға. Балаларға ойын алаңын салу жөнінде өтінішіміз бар. Қазіргі таңда балаларымыз көшеде ойнап жүр


 МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ  

Ол жерде ойын алаңы жоқ қой негізі. Онда тізімге біреуін қосыңдар, жақсы ма?! Енді қосылу керек бір ойын алаңы. Қаладан қалмаңдар, орнын белгіледіңдер ғой...


 Осылайша, тұрғындардың талабына орай Тасбөгет кентінің шеткері көшелерінде заман талабына сай ойын алаңы бой көтеретін болды. Жалпы кездесуде осындай біршама мәселенің түйіні тарқатылды. Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы немесе e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы өтініш жолдай алады.


Бөлісу