Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында дзюдодан республикалық ашық турнир өтті. 2009-2010-шы жылғы жасөспірімдер арасындағы додаға 500-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
«Абзал и К» толық серіктестігінің жүлдесіне арналған ашық турнир биыл он екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Республикалық жарысқа еліміздің 14 өңірінен 17 команда қатысты. Үлгілі ауылдағы дәстүрлі түрде өтетін турнирдің ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді дейді жарыстың бас төрешісі Қайрат Төленов.
ҚАЙРАТ ТӨЛЕНОВ – ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ
"Жарысымызға қатысқан спортшыларымыздың дайындықтары өте мықты. Бұл жарыста жеңген спортшыларымыздың әрқайысысы күзде Өскемен қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысады. Осы жарысымызда 300-ге жуық спортшы күткенбіз. 600-ге жуық спортшы өтініш түсірді. Соның қазір 500-і қатысып отыр."
ТАЛҒАТ ЕСЕКЕНОВ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ ТӨРЕШІ
"Нағи Ілиясов ауылы өте керемет, жақсы ауыл екен. Біздер осындай ауыл барына мақтанамыз. Бізде Ақтау қаласында жаттықтырушымыз бар Адия есімді. Ол негізі Қызылорда қаласының тумасы. Жасөспірімдер арасында олимпиада ойынына қатысқан. Ол осы «Абзал и К» турнирінде төртірет күресіп, төртеуінде де чемпион болған екен."
Өңірде дзюдо спортының шоқтығы биік. Бүгінде облыс көлемінде бұл спорт түрімен үш мыңнан астам адам шұғылданады. Айта кетейік, дәл осы турнир талай таланттың томағасын сыпырды. Қазіргі таңда ел мерейін үстем етіп жүрген жастар арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшадин, жасөспірімдер арасындағы әлем және олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаевтар осы турнирде белдескен болатын.
Байрақты бәсекеде ұлдар тоғыз салмақта өзара мықтыны анықтаса, бұрымдылар сегіз салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Турнир жеңімпаздары демеушілердің бағалы сыйлықтарымен және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, әр салмақтағы үздік үш жас спортшыға «спорт шеберлігіне үміткер» атағын айқындайтын арнайы куәлік табысталды.