Негізгі Жаңалықтар Үш аудан тұрғындарының талап-тілегі тыңдалды

Үш аудан тұрғындарының талап-тілегі тыңдалды

#qyzylordatv 

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарында азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асқан аймақ басшысы көтерілген мәселелердің заң аясында оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.


Облыс әкіміне тікелей сауал жолдағандардың бірі – Төребай би елді мекенінің тұрғыны Бүркіт Қалдашбаев. Оның айтуынша, Балажарма каналы арқылы ауылға аяқсу жеткізілсе, жергілікті жұрттың бау-бақша егуге мүмкіндігі артып, ауыл шаруашылығына тың серпін береді. Аймақ басшысы бұл мәселені шешу үшін аудан әкіміне нақты шаралар қабылдауды тапсырды.


 БҮРКІТ ҚАЛДАШБАЕВ – ТӨРЕБАЙ БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ Төребай би ауылы халқының ең басты егіні – көкөніс, бақша дақылдарын егумен айналысады. Егер аяқсу мәселесі шешілген жағдайда ауылға инвестиция салатын азаматтардың бар екенін айттым. Ол кісі құптады. Аяқсу болған жағдайда жүгері егетін инвестор келеді. Көкөніс, бау-бақша өнімдерін егетін де инвесторлар келеді. Сол жөнінде ол кісі үлкен қолдау жасады. Өйткені қандай дақыл болса да су керек.


 Жалағаштық 70 жастағы Жұмакүл Қалмұратованы толғандырған басты мәселе – баспана. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ана бүгінде жалдамалы пәтерде тұрады. Тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдаған Мұрат Ергешбаев баспана мәселесін таяу уақытта шешіп беруге уәде етті.


 ЖҰМАКҮЛ ҚАЛМҰРАТОВА – ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ Әкімге кіріп мұқтажымды айттым. Мүгедек балам бар еді, баспана алуға... сол арман-тілегіміз орындалып, екі бөлмелі баспана алатын болдым. Көп-көп рақмет осындай тілектерімізді орындаған басшыларымызға.


Сырдария ауданы, Шаған ауылының тұрғыны Ақлима Ахмедиярова аймақ басшысына бірнеше өтінішпен келген. Жалғызбасты ана мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға және үйіне табиғи газ кіргізуге жәрдем сұрады. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына тұрғынға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.


 АҚЛИМА АХМЕДИЯРОВА – ШАҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

 Газ кіргізу мәселесі бойынша жауапты сала басшыларына тапсырылды. Орындалады деген үміттемін. Екі балам бар. Жолдасым 7 жыл бұрын о дүниелік болды. Жұмыс мәселесі шешіле берер. Өзім Сырдария ауданы спорт мектебінде вахтер қызметін атқарамын қазір. Әрі қарай өз мамандығым бойынша табылады дегенге үміттенімін. Облыс әкіміне алғысым шексіз.


Жалпы, үш ауданда өткен қабылдауда тұрғындар денсаулық сақтау, мал шаруашылығы, білім беру, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыруға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Мұрат Ергешбаев тұрғын үй кезегі заң аясында, қатаң реттілікпен ғана жылжитынын атап өтті. Ал өзге өтініштер бойынша жан-жақты зерделеу жүргізіліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Күрделі мәселелер бойынша тұрғындарға заң нормаларына сай түсіндірме беріліп, тиімді шешу жолдары ұсынылды.


Бөлісу