Негізгі Жаңалықтар Аймақ басшысы тұрғындарды қабылдады

Аймақ басшысы тұрғындарды қабылдады

#qyzylordatv 

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі бүгін оңтүстік аудандарда жалғасты. Шиелі және Жаңақорған аудандарына барған Мұрат Ергешбаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге 100-ге жуық азаматты қабылдады. 


 Қабылдауға келген азаматтардың көтерген мәселелері негізінен баспана, денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылымды дамыту және жұмыспен қамтуға байланысты болды. Балаби ауылының тұрғыны «Тартоғай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына қатысты сауал жолдады. Бұл станция Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Сұлутөбе, 1 Мамыр, Бірлестік, Тартоғай және Майлытоғай ауылдарын газдандырудағы маңызды нысан саналады. Қазіргі уақытта жобаның құжаттамасы әзірленуде. Ал Алмалы ауылының тұрғыны Майлытоғай, Қарғалы, Жансейіт, Алмалы, Тәжібаев, Досбол датқа және Тұрсынбай датқа ауылдарындағы клуб ғимараттарының апатты жағдайын жеткізді. Елді мекендерде жаңа клуб салу үшін жер телімдері бөлінген. Енді жоба-сметалық құжаттама дайындауға, мемлекеттік сараптамадан өткізуге кезең-кезеңімен ұсынылмақ. Ақтоған ауылының тұрғыны Дайрабай Сармолдаевтың жер дауына қатысты мәселесі соттың касациялық сатысында шешімін тапқан.  


 Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен құқық қорғау органдарының басшыларының қабылдауына Жаңақорған ауданында да елуге тарта тұрғын жазылған. Мұнда спорт кешендерін салу, электр желілерін жаңарту, каналдарды бетондау, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыруға қатысты ұсыныстар көтерілді. Аудан тұрғыны Әбубәкір Сәдуақасов МРТ апаратына қатысты тұрғындардың облыс орталығы немесе Түркістан қаласына барып, әбігерге түсетінін жеткізді. Мәселе жыл аяғына дейін шешімін таппақ.


 Ал жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Жұмабаев қағаз майлықтар өндіреді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында көмек сұраған тұрғынға жауапты басқарма өкілдері заң аясында сүйемелдеу көрсетпек.


 Құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келген тұрғындарға мәселелерінің заңдық шешімі туралы кеңес беріп, жан-жақты түсіндірді. Облыс әкімі әр сауалға қатысты құзырлы мекеме басшыларына тапсырма беріп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.


Бөлісу