Облыс орталығында «Қыз балалардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесі» тақырыбында жиын өтті. Іс-шарада мамандар жеке бастың тазалығы, жыныстық даму мәселелері жөнінде кеңес беріп, студент жастармен еркін пікір алмасты.

Жиынға эндокринолог, маммолог, психолог, гинеколог пен жастар денсаулығы орталығының мамандары арнайы шақыртылған. Себебі, ұлт болашағын ерте бастан ойлау маңызды, дейді ұйымдастырушылар. Алдымен ашық диалог алаңында мамандар дұрыс тамақтану мәселесіне аса мән беру керектігін атап өтті. Себебі, бүгінгі күні қыз балалардың сүт бездерінде ісіктің пайда болуы жиілеген. Сондай-ақ, шарада онкологиялық сырқаттардың жасарып бара жатқандығы да айтылды. Әсіресе, өңірде жасөспірімдерде қан аздығы мен шаштың түсуі жиілеген. Сондықтан мамандар жиі тексерістен өтіп тұру керектігін айтады. Аталған мәселелердің алдын алу мақсатында биылдан бастап «Тек Қыздар!» жобасы қолға алынған. Алдағы уақытта жоба аясында қыз балалардың психологиялық және физиологиялық денсаулықтары бақылауға алынбақ.