Нағи Ілиясов ауылына – 60 жыл
#qyzylordatv
Еліміздің туристік ауылы атанған Нағи Ілиясов елді мекенінің құрылғанына биыл – 60 жыл. Мерейлі күнге орай ауылда салтанатты шара ұйымдастырылып, ғылыми танымдық конференция өтті. Елді мекеннің өткені мен бүгіні сараланған жиында, ауылды өркендетуге үлес қосқан азаматтардың еңбекпен өрілген өнегелі өмірі насихатталып, ел игілігі үшін жасаған жарқын істері сөз болды.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Аграрлық ауыл Нағи Ілиясов еліміз бойынша елдімекендердің лидеріне айналды. Бұндағы ата-әжеден бастап, замандастарымызға дейін күріш өсіруге ден қойған. Еңбекқорлықтың арқасында үлкен жетістікке жеткен ауыл бүгін 60 жылдығын тойлауда. Мерекелік шара еңбекшілер аллеясынан басталды.
Еңбекшілер аллеясында ұлттық қолөнердің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Мұнан бөлек кітап көрмесі қойылып, ауылдың тарихынан сыр шертетін суреттер топтастырылған. Ауыл тарихын көз алдыңа әкелген көрмеден көпшілік ерекше әсер алды. Ал, аллеяның төріне ауылдың негізін қалаған, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовқа арналған шағын мұражай қойылған. Ашық аспан астындағы музейде батырдың киімдері мен тұтынған тұрмыстық заттары бар.
БОЛАТ ІЛИЯСОВ – Н.ІЛИЯСОВТЫҢ ҰЛЫ
Бұл ауылды әкеміз 66 жылы іргетасын қалаған. Сол кезде өзіндік құны деген табельде Қызылордада алдына салмайтын күріш савхозы болды. Сол еңбек жалғасып жатыр. Абзал Ералиев деген өзі де қазір батыр болды ғой. Осы ауылды туристикалық орталыққа. Туристикалық оратылық көп ғой. Бірақ ауылдық жерде туристік орталық осындай бірінші болып тұр.
Ауылдың үлкендері сан ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, ел мәдениетінің мол мұрасына айналған салтымызды сахналады. Ал, жасөспірімдер ауылдың бүгіні мен ертеңін ұштастырып, аққағазға сурет салды.
НҰРЫМ АЛМАС – ОҚУШЫ
Мен осы өзім туып-өскен ауылымның кешкі бейнесін суреттеп жатырмын. Мен өз болашағымды осы ауылмен байланыстырып, дамуына зор үлес қосамын.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ Осы ақ күріштің арқасында есімі елге белгілі болған ауылдың мерейтойы енді этноауылда жалғасты. Этноауылда ауыл шаруашылығының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық спорт көрініс тапты. Мұнан бөлек, қазақи дәстүрмен 10 бүлдіршіннің тысауы кесілді.
Тұсаукесер рәсімінде тұнған тәрбие жатыр. Баланың бесіктен шығып, қаз-қаз басып алғашқы қадамын жасауы үлкен мәнге ие. Сондықтан ата-бабамыз бұған байыппен қараған. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Елге сыйлы азаматтар бір мезетте 10 балақайдың тұсауын кесіп, кәде-сыйлар табыстады.