Зейнетақы жинағын толығымен сенімгерлік басқаруға аударуға рұқсат етілді
#qyzylordatv
Зейнетақы жинағын енді толықтай инвестициялық басқарушыға беруге болады. Бұған дейінгі 50 пайыздық шектеу алынып тасталды. Бірақ бұл ақшаны кез келген компанияға тапсыруға болады деген сөз емес. Ал жинақты басқаруға берген жағдайда ақшаңызға не болады және басқарушы компания банкротқа ұшыраса, қаражатыңыз қайда қалады?
Бүгіннен бастап БЖЗҚ-дағы жинақтың 100 пайызына дейін басқарушы компанияларға аударуға мүмкіндік бар. Қаласаңыз, оның бір бөлігін ғана беріп, қалғанын Ұлттық банктің басқаруына қалдыра аласыз. Бас банк есебіндегі жинаққа мемлекеттік кепілдік сақталады. Ал инвестициялық портфельді басқарушыға берілген қаражатқа мемлекеттік кепілдік жоқ. Сондықтан компанияны таңдау – салымшының өз шешімі.
ЛӘЗЗАТ ӘМІРҒАЛИЕВА - «БЖЗҚ» АҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПОРТФЕЛЬДІ ТАЛДАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын нарықтағы ипб-лардың тізімімен мұқият танысып, олардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайтындағы орналастырылған инвестиция декларацияларын зерделеуді ұсынамыз. ИБП-ны таңдау салымшының дербес шешімі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының invaest.enpf.kz порталында әртүрлі ИБП қызметінің тиімділігін сипаттайтын маңызды көрсеткіштерді салыстыруға болады
Инвестицияның құны нарыққа қарай құбылады. Сондықтан басқарушыны таңдағанда тек табысына емес, тәуекеліне де қараған жөн.
МАҚСАТ ХАЛЫҚ ЭКОНОМИСТ
Зейнетақы қорындағы біздің жинақта тұрған қаражаттар көбінесе мемлекеттік құнды қағаздарда тұрады. Оның инвестициялық кірістілігі өте төмен. Көп жағдайда тіпті инфляциядан да төмен болып қалады. Сондықтан да бұл қаражаттарды әрине сенімгерлік басқаруға берген дұрыс. Өйткені қайсы компания тиімді басқарып оны инфляциядан жоғары дәрежеде кірісті қамтамасыз етіп отырса онда сіз зейнетке ертең қомақты қаражатпен шығу мүмкіндігі бар
Дегенмен жақсы табыс тәуекелмен қатар жүретінін ұмытпаған жөн, дейді мамандар. Мысалы, акциясы көп портфельдің табыс мүмкіндігі жоғары болғанымен, нарық құлдыраса, жинақтың құны да уақытша төмендеуі мүмкін. Сондықтан бастысы – бір жылдық табысқа қызықпай, компанияның инвестициялық стратегиясына, тәуекеліне және бұрынғы нәтижелеріне қарау маңызды.