Тазалық мәселесі назарда
#qyzylordatv
Қызылорда қаласы еліміздегі ең таза шаһардың бірі. Дегенмен соңғы кездері қаланың шеткері аймақтарында тазалық мәселесі жиі көтеріліп жүр. Себебі салада маман тапшы. Талап бойынша 600 қызметкер істеуі тиіс жұмысты қазір 300-ден астам маман атқарып отыр. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия мүшелері тазалық мекемесінің жұмысын жақыннан көріп, ахуалға бағдар жасады.
Қазір «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысы цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Яғни, арнайы техникалардың жүріс-тұрысы автоматты бағдарлама арқылы бақыланбақ. Әрине бұл жақсы, дегенмен, жасанды интеллект жүйе жасағанымен, жүйелі жұмыс жасай алмайды. Оған қол күші қажет, мекемеде маман тапшы. Ал аталмыш құрылымның техникалық базасы біршама жаңарды. Қоқыс таситын көліктер жеткілікті-ақ. Бірақ, қыс ауанында жағдай қиындайды.
САПАРҒАЛИ АСЫЛБЕКОВ – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Бір мезетте қар жауған кезде қаланың ішіндегі үлкен көшелерді қамтимыз да, шет аймақтар қалып қоя береді. Сондықтан қар тазалауға арналған тракторлар керек. Сосын, қоймамызда көліктер тұратын ықтырма қажет. Қызметкерлерге жатын бөлме де керек...
Мұнан соң мәслихат депутаттары қала аумағындағы тазалық жайын көзбен көру үшін тұрғын үй аулаларына арнайы барды. Расымен, облыс орталығының біршама бөлігінде тазалық жайы сын көтермей тұр. Мұны тұрғындардың өзі растады. Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда сала мамандарының айлығы екі есе ұлғайған. Дегенмен, ауыр жұмысқа шыдас беретін мамандар аз. Тазалық сақшылары түнгі сағат үштен бастап жұмысқа қамданады. Жазда аптап ыстық, қыста ызғырық аязбен жағаласып жүріп еңбек еткісі келетіндер жоқтың қасы. Мекемеде қаржылық тапшылық та бар. Өткір мәселе тұрақты комиссия отырысында көтерілді.
АЙДЫН ӘНУАР – ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жалпы бүгінгі күні жоба бойынша 345 көше болғанымен 500-ден аса көшеге тазалық жұмыстары қамтылып отыр. Күн сайын көп қабатты тұрғын үйлерден 4750 қоқыс жәшіктері босатылады. Сондай-ақ, қоқыс жәшігі жоқ 563 көшенің қоқыстары аптасына 1-2 рет шығарылып отырады. Норма бойынша қала тазалығына 600-ден астам жұмысшы қажет болғанымен, қаржылық жағдайға байланысты 300-ден аса жұсысшылар нормадан тыс жұмыс жасап отыр