Негізгі Жаңалықтар Жаңақорғанда егінге алғашқы орақ түсті

Жаңақорғанда егінге алғашқы орақ түсті

#qyzylordatv 

Жаңақорған ауданында күріш ору науқаны басталды. Оңтүстік аудан диқандары бұл жолы Қаратөбе ауылдық округіндегі «Сұңқар» шаруа қожалығының егіс алқабына жиылып, қамбаның қызылға толуын тілесті. Аталмыш «Дала күні» шарасына әріптесім Елжас Әбділда да куә болып қайтқан еді, тақырыпты тарқатсын.  


 Биыл жаңақорғандық шаруалар 38 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Соның ішінде 6 мың 756 гектар негізгі дақыл күріштің үлесінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Дегенмен, егісті әртараптандыру аясында байырқалы бастамалар баршылық. Мәселен, су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе ұлғайып отыр. 


 ҒАЛЫМЖАН ЖАРҚЫНБЕК – АУДАН ӘКІМІ  

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көрсетіліп отырған қолдау жылдан-жылға артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданның ауыл шаруашылық құрылымдарына 565 млн теңге субсидия берілді. Сонымен бірге, 21 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарын жүргізуіне 403 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді...


Жалпы, Жаңақорған ауданында 781 шаруашылық құрылымы бар. Соның 321-і егін шаруашылығына бейім. Қаратөбе ауылдық округіндегі «Сұңқар» шаруа қожалығы бірегей құрылым. Бір ұжымға ұйысқан ауыл еңбеккерлері төрт түлікті түлетіп, егіннің де ебін тауып отыр. Сондықтан дәл осы үздік құрылымда ел ағаларының ақ батасымен, күзгі орым науқаны басталды.


Салтанатты шарада дала төсінде тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын еселеуге сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Солардың ішінде кәсіби күрішші Рүстем Әділбековтің шоқтығы биік. Еңбек адамы ширек ғасырдан бері үздіксіз Сыр салысын егумен айналысып келеді.  


 Аудан еңбеккерлері негізінен Ресейден әкелінген күріш сорттарын егіп келді. Ал биылдан бастап жергілікті тұқым түрлеріне басымдық берілуде. Әсіресе, тез пісіп-жетілетін «Сыр сұлуы» сортын тәжірибе негізінде егіп көрген шаруалар бар екен. Өнімділігі жаман емес көрінеді. Демек, отандық тұқым түрлерін әлі де жаңғыртып, су үнемдеу тетіктерін тиімді пайдалану қолдан келер шаруа. 


Бөлісу