Негізгі Жаңалықтар Футзалдан үздіктер анықталды

Футзалдан үздіктер анықталды

#qyzylordatv #заңментәртіп 

Әуесқой аяқдопшылар «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға атсалысуда. Осыған орай облыс орталығында футзалдан турнир өтті. «Адалдық өзіңнен басталады» тақырыбында ұйымдастырылған доп додасына 8 команда қатысып, өзара шеберлік байқасты.


 Бұл турнирдің ерекшелігі мұнда тек санаулы команда сынға түсті. Жарысқа бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының өкілдері ғана қатысуға мүмкіндік алды. Әуесқойлар ала доп бәсекесінің көрігін кіргізіп, бар өнерлерін ортаға салды. Бір-бірінің осал тұсын жақсы білетін командалар көрерменге жүйелі комбинация көрсетіп, әдемі голдармен қуантты.


 Жарысқа жиылған 8 ұжым өзара екі топқа бөлініп, әуелі негізгі кезеңнің ойындары өрбіді. Топтан сүрінбей шыққан төрт команда жүлделі орындарды сарапқа салды. Үшінші орын үшін өткен бәсекеде «Жастар рухы» командасы қола медальға ие болды. Ал, шешуші кезеңде құрамға шебер ойыншыларды қосып алған қос ұжым: «Барыс» және «Нұр мешітінің» командалары өнер көрсетті. Тарысты өткен матчта тәжірибелі барыстықтар жеңісті жұлып әкетті.


 Осылайша, футзалдан облыстың үздік командасы анықталды. Мұндай турнирлер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады дейді ұйымдастырушылар. 


Бөлісу